Нұр-Мүбарак университетінде діни экстремизмнің алдын алу бойынша курстар басталды
Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Экстремизмнің алдын алуға байланысты мамандарды қайта даярлау институтында «Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» атты курс басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздегі діни тұрақтылық – үнемі назарда болуы тиіс маңызды сала. Себебі қазір жаһандану қарқын алып, ақпараттық майдан ашық түрде жүзеге асып жатқандықтан, еліміздің әрбір азаматының жат ағым жетегінде кетуіне тосқауыл қою мүдделілігі басым. Осы орайда діни мамандарды даярлаушы жалғыз ислами жоғары білім ордасы Нұр-Мүбарак университеті мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитеті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әріптестігін жалғастырып келеді. Соның дәлелі 26 қазанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандарына арналған курс басталып, оның ашылуына Нұр-Мүбарак университеті мен ҚМДБ басшылары қатысып, бұл мәселенің назарда екенін нақтылай түсті. Бұл «Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» атты курс алдыңғы жобалар жалғасы.
Ал ҚР АҚДМ Дін істері комитеті тарапынан биыл үшінші жыл қатарынан «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалды көзқарастан арылту және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» атты курс өте жоғары деңгейде өтті. Еліміздің барлық аймағынан діни салаға тікелей қатысы бар 73 маман, яғни теологтар, исламтанушылар, имамдар, дінтанушылар жан-жақты білімдерін жетілдірді. Оларға Нұр-Мүбарак университетінің және өз саласының білікті оқытушы, ғалымдар дәріс берді.
Біліктілікті арттыру жобаларынан өзге соңғы 2 жылда ҚМДБ, аймақтық және қалалардағы дін істері басқармалары, оларға қарасты орталықтар, жалпы 700-ден аса маман қамтыған 9 курс өткізген. Сондай-ақ «Жусан» гуманитарлық операциясымен қайтарылған және деструктивті діни ағым жетегіндегілерді оңалту мақсатында еліміздің әр аймағынан 200-дей адамға курстар өтті. Тек бұл бағытта ғана емес, БАҚ, әлеуметтік желілерде деструктивті санаға насихаттаушы шетелдік уағызшылардың 15 бейнежазбасына сараптама жасалып, нақты жауап берілді. Республикалық «Жетісу» телеарнасымен бірлескен «Бүгінгі дін» телехабарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, дерадикализация бойынша өзекті тақырыптарға 22 хабар көрерменге ұсынылды. Енді академия қызмет аясын халықаралық дәрежеде дамытуға сенім мол.