Нүктесін қоятын уақыт жетті: Смайылов 1 мамырға дейін газ мәселесін шешуді тапсырды
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы газдандыру өте төмен деңгейдегі аймақтарды атады.
Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты. Мысалы, Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келеді. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр, - деп атап өтті Премьер-министр.
Айтуынша, Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында газ 2014 жылы өткізілсе де, осы күнге дейін газға әкімшілік ғимараттар ғана қосылған.
Ауылдық елді мекендерден басқа қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен «Қазақгаз» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек. Халықпен етене жұмыс істеп, барлық мәселелерді шешу қажет, - деді Әлихан Смайылов.
Барлық өңірлерді газдандыру қажеттігі туралы көптен бері айтылып келе жатқанын айтқан Смайылов Мемлекет басшысының өзі еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың тиімді нұсқасын таңдауды тапсырды деп отыр.
Бұл өңірлердің тұрғындары газды көптен күтіп жүр. Бұл мәселенің нүктесін қоятын уақыт жетті. Сондықтан Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, қарастырылып отырған нұсқалар бойынша 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет. Газ инфрақұрылымының әбден тозуы да маңызды мәселе. Бүгінгі таңда газ желілерінің тозуы шамамен 60%-ға жетті. Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәріңіз көріп отырсыздар. Ал, газ желілеріне қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары. Магистральдық газ құбырларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және қомақты қаражатты қажет етеді, - дейді ол.
Үкімет басшысы Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен «Қазақгаз» тарапынан бақылау тұрақты болуы тиістігін ескертті. Ал газ инфрақұрылымын жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарына басымдық берілуі керек.