Бүгiн 2026, 16:28 Фото: instagram.com/qazaqstan.24

Новороссийскідегі оқыс оқиға: Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасады

Министрліктің хабарлауынша, бұл жағдай қазақстандық мұнай өндіруші кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштеріне кері әсерін тигізбеген.

Энергетика министрлігі Новороссийск портындағы «Шесхарис» мұнай құю терминалында болған оқыс оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

DW ақпаратынша, Новороссийск қаласында украиналық дрондардың шабуылынан кейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Қара теңіздегі Ресейдің ең ірі мұнай құю терминалдарының бірі – «Шесхарис» өртеніп жатыр.

Краснодар өлкесінің жедел штабының мәліметінше, Новороссийскіге жасалған шабуыл кезінде атып түсірілген дрондардың сынықтары бірнеше көпқабатты және жеке тұрғын үйлерге зақым келтірген. Кемінде 5 адам жараланған. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай режимі жарияланды.

Astra басылымы куәгерлердің материалдарын талдап, украиналық дрондардың негізгі нысанасы Новороссийск портындағы «Шесхарис» мұнай терминалы болғанын хабарлады. Шабуылдан кейін терминал аумағында ірі өрт шыққан. Өртті сөндіру жұмыстары бірнеше сағат бойы жалғасып жатыр.

ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұл жағдай қазақстандық мұнай өндіруші кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштеріне кері әсерін тигізбеген.

Отандық мұнай өндіру және оны экспорттау жұмыстары қалыпты режимде жалғасып жатыр. Қазақстан мұнайын жеткізуге пайдаланылатын экспорттық инфрақұрылымның жұмысында ешқандай іркілістер мен бұзушылықтар тіркелмеген, - деп мәлімдеді Ведомство.

Энергетика министрлігі жағдайды бейінді ұйымдармен және инфрақұрылым операторларымен бірлесіп тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Иран дрондары әлемдегі ең ірі мұнай зауытына соққы жасады.

Белгілі болғандай, Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер мұнай нарықтарына елеулі қауіп төндіріп отыр. Баррель бағасына қатысты сарапшылар жаңа сценарийді атады.

Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік қаржы нарығына бірден әсер етті. Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына төнген қауіп инвесторларды алаңдатып, нарыққа геосаяси үстеме қосты.