3 Қыркүйек 2026, 10:19 Фото: yvision.kz

Нөсер кезінде зардап шеккен көліктер үшін өтемақы алу қиын – сарапшы

Қазақстанда нөсер жауын кезінде суға кеткен автокөліктердің иелеріне келтірілген шығын үшін өтемақы өндіріп алу өте қиын. Бұл туралы Тұтынушылар ұлттық лигасы президентінің орынбасары Василий Романовский мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, көлік иелері сотқа дейінгі талап-арыз жолдай алады. Алайда нақты өтемақы алу мүмкіндігі өте төмен. Сарапшы мұны қалалардағы нөсер суын бұру жүйелері бекітілген техникалық жоспарға сәйкес орнатылатынымен түсіндірді.

Ең алдымен көліктің қай жерде тұрғаны маңызды – арнайы тұрақ аймағында ма, әлде көптеген адамдар жасайтындай бордюрдің үстінде ме. Кейде көліктің жартысы асфальтта, жартысы жерде тұрады. Егер автокөлік рұқсат етілмеген жерге қойылған болса, онда ешқандай талап қоюға негіз жоқ. Өйткені ол орын тұраққа арналмаған. Тіпті кейін көлікті қоюға болатын орын болғаны және арық жүйесінің шынымен де суды өткізе алмағаны анықталса да, өтемақы төлеу ықтималдығы төмен. Сотқа жүгінуге болады, бірақ бұл көп уақыт алады. Тәжірибеге сүйенсек, бізде осындай бір жағдай болды, алайда шығынды өндіріп алу мүмкіндігі өте аз, – деді Василий Романовский брифингте.

Қоғамдық бірлестік өкілі мысал ретінде ағаштың көлік үстіне құлау жағдайын келтірді. Егер ағашты алдын ала кесу қажет болып, коммуналдық қызметтер оны орындамаған болса, онда материалдық шығынды өтеуді талап етуге мүмкіндік бар.

Ал нөсер суын бұру жүйесі бекітілген жоспар бойынша орнатылған жағдайда және көлік осының салдарынан су астында қалса, мұндай оқиға көбіне форс-мажорлық жағдай ретінде қарастырылады.

Сарапшының сөзінше, егер суға кеткен көлік несиеге алынған болса, оның иесі банк алдындағы міндеттемелерін орындауды жалғастыруы тиіс. Яғни көлік жарамсыз болып қалса да, несие төлемдері тоқтатылмайды.