Норвегиялық саяхатшы Балқаш көліне жасаған экспедициясы жайлы айтты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жол-жөнекей қасқыр іздерін көрдім және жергілікті балықшылармен таныстым. Бұл сапар мен үшін өте қызықты болды, дейді Балқаш көлін шаңғымен жүріп өткен Норвегиялық саяхатшы Уильям Бихолт.
Қазақ география қоғамы саяхатшының жолын GPS арқылы бақылап, көмек қажет болған жағдайда бірден келу үшін қадағалап отырған.
«Осыдан алты ай бұрын картадан Балқаш көлін көрдім. Оның үлкендігіне таңқалдым және оны зерттеп көруге қызығушылығым арта түсті. Бұған дейін осы көлдің үстімен шаңғымен жүріп өткендер барма екен деп іздестіре бастадым. Алайда бұл бағытпен жүріп өткен адам туралы мағлұмат таба алмадым. Және бұл бағытпен бірінші болып мен жүріп өтетінім маған одан сайын қанат бітірді десем болады. Бақытыма орай «Қазақ география қоғамы» ҚБ-нің өкілдерімен танысып, жолым болды. Не қазақша, не орысша сөйлей алмайтын маған олар экспедиция бойынша бәрін бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді», - дейді саяхатшы.
Ол сапар оңайға соқпағанын, түрлі қиындықтарға тап болғанын да айтып өтті.
«Бұл Қазақстанға бірінші рет келуім және Балқаш туралы ағылшын тілінде мағлұмат та аз болды. Жергілікті тағамдардың жақпай қалуынан біраз сырқаттанып, дәрі-дәрмек ішуіме тура келді. Жалпы саяхат өте қызықты болды. Көл бетінен қасқыр іздерін көрдім және жергілікті балықшылармен таныстым. Барлығы 23 күнде жүріп өттім. Көлдің батысына келгенде жобаны аяқтағанымды сездім», - дейді Уильям Бихолт.
Саяхатшы 23 күнге созылған саяхат кезінде 545 шақырымға тарта жол жүріп өткен. Экспедиция 2019 жылдың 19 ақпанында Лепсі ауылының солтүстігінен 50 шақырым қашықтықтағы жерден басталып, 13 наурыз күні Бөрібайтал ауылында аяқталған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Қазақ география қоғамы» ҚБ қолдауымен Норвегиядан келген саяхатшы әрі зерттеуші, 27 жастағы Уильям Бихолт бір өзі Балқаш көлін шаңғымен жүріп өтті. Балқашты кесіп өтуге арналған мұндай экспедиция тұңғыш рет жасалып отыр.