Норвегиядан ұшырылған неміс зымыраны орбитаға сәтті жетті
Зымыран шағын және орта көлемдегі пайдалы жүктерді тасымалдауға арналған.
Германиялық Isar Aerospace стартапының Spectrum зымыраны Норвегиядағы Андойя ғарыш айлағынан ұшырылып, орбитаға шықты. Reuters мәліметінше, бұл – континенттік Еуропадан орбитаға жеткен алғашқы коммерциялық зымыран.
Экипажсыз Spectrum ғарышқа бес шағын спутник пен ұшу барысында технологияларды сынауға арналған эксперименттік жабдықтарды алып шықты. Зымыран шағын және орта көлемдегі пайдалы жүктерді тасымалдауға арналған.
Isar Aerospace негізін қалаушы әрі бас директоры Дэниел Мецлердің айтуынша, компания енді спутниктерді ұшыру бағдарламасын кеңейтуге кіріспек. Қазір тағы бес зымыран өндірісте, ал ұзақ мерзімді мақсат – жылына шамамен 40 ұшыру өткізу.
Бұл Isar Aerospace компаниясының екінші ұшырылымы. Алғашқы Spectrum зымыраны 2025 жылы дәл осы ғарыш айлағынан көтерілгеннен кейін көп ұзамай теңізге құлап, жарылған еді. Зардап шеккендер болған жоқ.
Германия канцлері Фридрих Мерц жаңа ұшырылымды «жаңа дәуірдің бастауы» деп бағалады. ЕО-ның қорғаныс және ғарыш жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс та бұл оқиға Еуропаның ғарышқа тәуелсіз қол жеткізу мүмкіндігіне елеулі серпін бергенін мәлімдеді.
Компания Канаданың Жаңа Шотландия провинциясында екінші ұшыру алаңын әзірлеп жатыр. Ол 2028 жылы пайдалануға берілуі мүмкін.
Сондай-ақ Isar Aerospace Еуропалық ғарыш агенттігінен жаңа зымырандарды әзірлеу және сынақ пен ұшыру инфрақұрылымын кеңейту үшін шамамен 200 млн еуро қаржы алған.