18 Шілде 2026, 20:53
Фото: depositphoto.com
Норвегиядағы алапат өрттен 100-ден астам үй жанып кетті
Елдің оңтүстігінде соңғы жүз жылдағы ең ірі өрттердің бірі тіркелді.
Драммен коммунасында өрттен 100-ден астам тұрғын үй жанып кетті, деп хабарлайды NRK.
Телерадиокомпанияның мәліметінше, өрт таунхаустардың бірінде басталып, кейін жалын көрші ғимараттарға тез тараған. Қауіпті аймақтан 400-ден астам адам эвакуацияланды.
Оқиға салдарынан кемінде үш адам, оның ішінде бір өрт сөндіруші зардап шекті. Сонымен қатар сегіз полиция қызметкері иіс газынан уланды.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі жұмысын жалғастырып жатыр. Өрттің шығу себептері анықталуда. Жергілікті БАҚ болған оқиғаны өңірдегі соңғы жүз жылдағы ең ірі өрт деп атады.