Нөмірін қағазбен жасырған жүргізушіге сот қандай жаза тағайындады?
Павлодар облысының Железин ауданында көлігінің нөмірін қағазбен жауып қойған жүргізуші бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Аудан тұрғынына қатысты әкімшілік іс сотта қаралды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында ер адамның басқаруындағы «Toyota Camry» автокөлігі Омбы – Майқапшағай тасжолында, Пятерыжск ауылының маңында тоқтатылған.
Сотта айтылғандай, жүргізуші мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін сәйкестендіруге жол бермеу мақсатында оны қағаз парағымен жауып қойған.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындады.
Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінуін, сондай-ақ бұған дейін әкімшілік жауаптылыққа тартылмағанын ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот қаулысымен азамат Ч. құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған екі тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды, – деп түсіндірді Железин аудандық сотында.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.