«Nomad Explorer» - туристерді тартуға жасалған экспедициялық жоба
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кең ауқымды экспедицияға бизнес-құрылым, зиялы қауым өкілдері, отандық шоу-бизнес жұлдыздары, блогерлер және БАҚ өкілдері, барлығы 1000 адамдай қатысқан болатын.
Экспедицияны қорытындылау және жабылуына орай Сауран қалашығының аумағында өткен шараға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айрықша маңызға ие бастаманың сәтті жүзеге асуымен құттықтады.
«Бүгінгі шара бабаларымыздың ғасырлар бойғы мұрасының қазіргі таңдағы өзектілігінің керемет көрінісі. «Nomad Explorer» экспедициясына қатысқан барлық қазақстандықтарға алғыс айтамын. Біздің кең байтақ сүйікті Отанымыз жаңа қырынан ашылып, жүрекке жылу беретін жерлер көбейгеніне сенімдімін», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Түркістан облысындағы Сауран қалашығында тұңғыш рет ұйымдастырылған экспедициялық жоба алыс-жақын шетелдік туристерді тартуға жасалған серпінді қадамдардың бірі. Ортағасырлық қаланың тарихын насихаттауға арналған жиынға арнайы қатысқан министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны ұйымдастырушылар мен тарихи жерді тану үшін өз қаржысымен келіп, қызығушылық танытқан Қазақстандағы барлық облыстың халқына да алғысын білдірді.
Халықаралық шарада «Тайқазан» гастрономиялық фестивалі, көкпар, ұлттық ойындар, жылқы мен түйеге мініп жүру, әуе шарлары шоуы, UNISEF - The Garden of Nomads қатысуымен Номадтар Бағында 500 көшет отырғызу шаралары өтті. Есте қаларлық күн Magic of Nomads тобы, «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, басқа да өнер иелерінің қатысуымен өткен THE SOUL OF NOMADS фестивалімен аяқталды.
Айта кетейік, 22- 26 сәуір аралығында «Оңтүстік аңыздары» экспедициясына қатысушылар Түркістан және Жамбыл облыстарының көрікті нысандарын, соның ішінде Яссауи, Арыстан баб кесенелерін, Отырар қалашығын, Ақмешіт үңгірін аралаған болатын.