Ноғаев: Жер қойнауына ұқыптылықпен қарау керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трумов «Дұңға, «Қаражамбас», «Бозащы», «Қаламқас» кен орындарына барды, деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Сапар барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трумов өңірдегі мұнай-газ жобаларының басшыларымен кездесулер өткізді.

Министр жер қойнауын пайдаланушылардың басты міндеті – жер қойнауына ұқыпты қарау қажет екенін атап өтті.

Сіздер аукциондар арқылы жер учаскелерін шексіз уақытқа сатып алмайсыздар, белгілі бір мерзімге тек жер қойнауын пайдалану құқығын сатып аласыздар. Кен орнының байлығы сол немесе басқа компанияның кетуімен аяқталмауы тиіс, өндіру тұрғысынан саналы көзқарас қажет, -деді министр.


Қазақстандағы мұнай және газ кен орындарын игеру және барлау әдістерін Энергетика министрлігінің жанындағы орталық комиссия бекітеді (БИОК). 2020 жылы комиссия құрамы 22 адамнан 33 адамға дейін ұлғайтылды.

Бұдан басқа, тәуелсіз сарапшылар саны 1-ден 3 адамға дейін өсті, сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушы мен тәуелсіз сарапшы арасындағы байланысты болдырмау мақсатында тәуелсіз сараптама ұйымдастыру функциясы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-қа жүктелген.

Бұл шаралардың барлығы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және кен орындарын барлау мен игеру жобаларын таңдауды айқын және ашық ету мақсатында қабылданды.

2020 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстанда алғаш рет көмірсутегі шикізатына жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған онлайн-аукцион өткізілді. Бұл аукцион бюджетті 61 миллиард теңгеге толықтырды.


Биыл БИОК мүшелері жақсы жұмыс жасады: бірқатар жобаларды қарастырды және олардың кейбірінен бас тартылды. Біз әрқашан инвестиция тартудың, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қолдаймыз, бірақ жер қойнауын игеру «менен кейін не болса, ол болсын» қағидаты бойынша емес, ұтымды жолмен жүргізілуі тиіс. Жер қойнауы Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады және кез келген адам оған ұқыпты қарауы тиіс», - деді Нұрлан Ноғаев.

Энергетика министрі мен Маңғыстау облысының әкімі мұнай және газ кен орындарының еңбек ұжымдарының өкілдерімен әңгімелесті.

Ел мен Үкімет басшылығы Сіздердің пандемия кезіндегі жұмыстарыңызды жоғары бағалайды. Әлемдік бағалардың төмендеуіне қарамастан, саладағы барлық жұмысшылардың бірлескен күшімен кен орындары авариялық тоқтатылмай, жұмыс орындары сақталып қалды. Сіздердің әрқайсыларыңыз отанымыздың өркендеуіне үлес қосып жатырсыздар, - деді Энергетика министрі.

 

 

 

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы