Ноғаев қалдықтарды өңдейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27 сәуірде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының индустриалды аймағында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобаларымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Соның бірі, «Taza Likee» жобасы.

Кәсіпорын иесі Ирина Татиева Қазақстан, Өзбекстан және Ресей зауыттарымен макулатура, пластмасса және полиэтиленді қайта өңдеуге арналған шикізатты жеткізу бойынша келісімшарт жасасқан. Кәсіпорын жұмыс істеген бір жылдың ішінде 700 тоннаға жуық макулатура, 500 тонна полиэтилен, 200 тонна пластмасса қайта өңделген. Бүгінде кәсіпорында 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Жеке кәсіпкердің айтуынша жұмысшы қолы жетіспейді, сондықтан жақсы жалақыға қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын мамандарды жұмысқа алуға дайын.

Бүгінде тазалық компаниясы жоғары және төмен қысымды полиэтилен қалдықтарын өңдеу, тамшылатып сурау таспаларын өндіру желілері бойынша кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар облыстың экологиялық жағдайына оң әсер ететінін айта келе, оларға қолдау көрсету қажет екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда облыста арнайы жоба бойынша салынған 7 полигон, санитарлық талаптарға сай келмейтін 16 полигон (шұңқыр) бар. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен 11 жеке кәсіпкер айналысады. 2021 жылы облыстың елді мекендерінен шығарылған тұрмыстық қалдықтардың 27 пайызы сұрыпталып, басқа облыстарға және көршілес мемлекеттерге өңдеуге жіберілді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 28,6%-ға жетті.

Қалдықтарды сұрыптау және бөлек жинау жұмыстары Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия аудандарында жүргізіледі.

Жобалармен танысу барысында аймақ басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы