Ноғаев: Маңғыстаудың ауыл шаруашылығын дамытуда әлеуеті жоғары

Маңғыстауда ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтауда 20 қарашада достық үйінде ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. 

Мерекелік кеште ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының иелері, кәсіпкерлер мен сала ардагерлері, сондай-ақ қайта өңдеу өнеркәсібінің қызметкерлері жиналды.

Шара аясында ерекше еңбегімен еленген бірқатар сала өкілдері "Еңбек ардагері" медалімен , ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. 

Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға өз атынан алғыс хаттар табыс етті. 

Ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына маңызды міндеттер қойды. Бұған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамыту, заманауи агротехнологиялар мен инновацияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының тозу проблемасын шешу, сондай-ақ елдегі өндірісті оқшаулау әлеуетін зерделеу және әлемдік тәжірибені ескере отырып, минералдану арқылы топырақтың құнарлылығын жақсарту кіреді. Біздің өңір ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамытуда әлеуеті жоғары. Біздің көптеген жерлесіміз мал шаруашылығымен айналысады, әсіресе бізде Түйе шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгінгі кәсіби мереке мал шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін адамдарды бір мүддеге біріктіреді. Олардың адал еңбегі мен күш- жігері тұтас еліміз бен өңірімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. 

Биыл Маңғыстау ауыл шаруашылығы қызметкерлері 21,4 млрд теңге сомаға өнім өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға артық. Мал шаруашылығында өндіріс көлемі 8,5%-ға өсті. Осы жылдың 10 ай ішінде салаға 1 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. 

Азық-түлік қоймаларын, жылыжай құрылысын, ет өңдеу комбинатын және өнімді консервациялау жобаларын қоса алғанда, төрт маңызды жоба жүзеге асырылды. 

Осы бастамалардың арқасында 80-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Өңірде өсімдік шаруашылығында көкөніс және бақша дақылдарын өсіруге ерекше көңіл бөлінеді. 

Алдағы жылы 4 жылыжай кешенінің құрылысын қоса алғанда, 2,2 млрд долларға 5 жоба салу жоспарлануда. 

Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы