Ноғаев: Маңғыстауды дамытуға арналған өзектендірілген кешенді жоспар 226 іс-шараны қамтиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына келген жұмыс сапары барысында өңірдің дамуына, тұрғындардың әл ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жоспарды қабылдауға тапсырма беріп, Үкіметтің қолдауымен негізгі мәселелерді шешуге бағытталған кешенді жоспар жасақталған болатын. Бүгінде кешенді жоспарды өзектендіру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда кешенді жоспарды жасақтап, қабылдауда қолдау көрсеткен үшін Мемлекет басшысына облыс халқы атынан ризашылығымызды білдіреміз, - деді ол.

Облыс басшысы өзектендірілген кешенді жоспар 226 іс-шараны қамтитынын айтты.

Экономиканы дамыту аясында – 96, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша – 54, әлеуметтік сала және экологияда 63 және азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде 13 іс-шара қарастырылған. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде шамамен 55 мың жұмыс орны құрылады деп күтіледі. Кешенді жоспар аясында келесі негізгі бағыттарға ерекше басымдылық беріліп отыр, - деді Ноғаев.

Ноғаевтің айтуынша, біріншіден, демографияның өсу үрдісі қолжетімді баспанамен қамту және өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуды талап етеді.

Бұл мақсатта тұрғын үй салу, жолдардың сапасын жақсарту, газбен, электрмен, жылумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар өңір үшін ең маңызды мәселе – ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін Кешенді жоспарда жалпы су тұщыту қуаты 260 мың текше метрді құрайтын 9 жобаны және 12 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамту жүзеге асырылатын болады. Кешенді жоспарды өзектендіру аясында осы жылы ауыз сумен қамтамасыз етуде өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метр «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады, - деді Маңғыстау облысының әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы