Ноғаев: Алдағы уақытта мұнай бағасын көтеру жоспарымызда жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚР ЭМ Баспасөз қызметі.
Тұрғындарды басқа да мәселелермен бірге өңірді сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мәселесі қызықтырды.
Жаңаөзен қаласында табиғи, ілеспе мұнай газын және газ конденсатын қайта өңдейтін газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) жұмыс жасайды. Зауытта тауарлық (құрғақ), сұйытылған мұнай газы, пешке арналған тұрмыстық отын, сонымен қатар көмірсутекті еріткіш өндіріледі.
Министр атап өткендей, ҚазГӨЗ-де шығарылатын сұйытылған мұнай газының барлық көлемі (айына шамамен 15 мың тонна) толығымен Маңғыстау облысының ішкі нарығын қамтамасыз етіп отыр, сондай-ақ Министрлік сұйытылған мұнай газының тапшылығын болдырмау мақсатында ай сайын басқа зауыттардан қосымша 3000 тонна бөліп отыр.
Министрлік облыс әкімдігі сұратқан көлемді толық бөліп отыр, ал әкімдік осы көлемді кейіннен газ желісі ұйымдары арасында бөледі.
Сұйытылған мұнай газы айналасындағы жағдай барлық уәкілетті органдардың бақылауында, газ әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес тиеп-жөнелтіледі. Төтенше жағдай кезіндегі баға белгілеу мәселесіне тоқталсам, еліміздің басшылығы мен үкіметтің тапсырмаларына сәйкес Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері автогаз құю станцияларындағы автокөлікке арналған сұйытылған мұнай газына бөлшек саудадағы шекті бағаларды бекітті. Көтерме саудадағы бағалар 1 тоннасы үшін 38 701 тг болып белгіленді, сонымен қатар алдағы уақытта бұл бағаны көтеру жоспарымызда жоқ - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Электрондық сауда алаңдары арқылы жеткізу үшін қажетті сұйытылған мұнай газының үлесі ішкі нарыққа жеткізу жоспарына сәйкес тиісті айға 2019 ж. ақпан-маусым аралығында 5%, 2019 ж. шілде-қыркүйек аралығында – 10%, 2019 ж. қазан айында – 15%, а.ж. қаңтар-ақпан айларында – 20% және наурыз айынан бастап - 25% құрады.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес бағасы мемлекеттік реттеу арқылы жүргізілетін топтық резервуарлық қондырғылар және мұнай-газ-химия кәсіпорындары арқылы жеткізілетін тұрмыстық тұтынушыларға арналған сұйытылған мұнай газының көлемін қоспағанда, жеткізу жоспары бойынша сұйытылған мұнай газының барлық көлемін электрондық сауда алаңдарына көшіру қажет. Сұйытылған мұнай газының барлық көлемін электрондық сауда алаңында сатуға толық көшіру кезең-кезеңмен іске асырылады, бұл бағаны соңғы тұтынушы үшін біртіндеп және ауыртпалықсыз қайта реттеуге мүмкіндік береді,- деді Нұрлан Ноғаев.