9 Қазан 2026, 23:30 Фото: Nobel Prize

Нобель бейбітшілік сыйлығы оңтүстікафрикалық құқық қорғаушы Нави Пиллэйге берілді

Сыйлықтың ақшалай бөлігі 12 миллион швед кронын (шамамен 537,6 миллион теңге) құрайды.

Нави Пиллэй апартеид құрбандарының құқығын қорғады және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары лауазымын атқарды.
Норвегиялық Нобель комитеті 2026 жылғы Бейбітшілік сыйлығын оңтүстікафрикалық құқық қорғаушы Нави Пиллэйге берді.

Марапат оған «бейбітшілік пен халықаралық құқықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» табысталды.

Нави Пиллэй адвокаттық қызметін Оңтүстік Африкада 1967 жылы бастаған. Ол адамдардың тері түсіне қарап шектеу қоятын расалық сегрегация жүйесі – апартеидке қарсы шыққандарды қорғады. Сондай-ақ құқық қорғаушы әйелдер мен қыздардың құқығын қорғайтын "Equality Now" халықаралық ұйымының негізін қалаушылардың бірі болды.

1995 жылы Нави Пиллэй Руанда бойынша халықаралық қылмыстық трибуналдың судьясы болып тағайындалып, 1999 жылы оны басқарды. Ол трибуналдың зорлық-зомбылықты адамзатқа қарсы қылмыс әрі геноцид актісі деп тану туралы тарихи шешімін шығаруға қатысты. Бұл шешім халықаралық сот төрелігі үшін маңызды оқиға болды.

2003-2008 жылдары Нави Пиллэй Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың судьясы қызметін атқарды. Кейін 2008-2014 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары лауазымында жұмыс істеді.

Сыйлықтың ақшалай бөлігі 12 миллион швед кронын (шамамен 537,6 миллион теңге) құрайды.

2025 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығын Венесуэла оппозициясының көшбасшысы Мария Корина Мачадо алған еді. Комитет оның Венесуэла халқының демократиялық құқықтары үшін күресін және диктатурадан демократияға бейбіт жолмен өту жолындағы күш-жігерін жоғары бағалады.

6 қазанда физика саласындағы Нобель сыйлығы жоғары энергиялы ғарыштық нейтриноларды ашқаны үшін Фрэнсис Халзенге берілді. Ғалым Жерге алыс ғарыш көздерінен де келетін бөлшектер – нейтриноны анықтау үшін Оңтүстік полюстегі мұзды пайдалануды ұсынды. Оның бұл идеясы мен ғылыми басшылығы IceCube қондырғысын құруда шешуші рөл атқарды.

7 қазанда химия саласындағы Нобель сыйлығын молекулалардың айналық формаларын зерттегені үшін француз ғалымы Анри Каган мен жапон зерттеушісі Кенсо Соаи бөлісті. Олардың ашқан жаңалықтары дәрі-дәрмек жасауға және тіршіліктің пайда болу жұмбақтарының бірін түсінуге көмектеседі. 

8 қазанда әдебиет саласындағы сыйлықтың лауреаты атағы канадалық жазушы әрі ақын Энн Карсонға берілді. Бұл марапат оған заманауи әдебиетке жаңа формалар әкелген «батыл әрі жаңашыл шығармашылығы» үшін табысталды.

Экономика саласындағы лауреаттар 12 қазанда жарияланады.