Николас Мадуро мен оның әйелі өздеріне тағылған айыптарды алып тастауды сұрады
Манхэттендегі федералдық сотқа берілген өтініштерінде Мадуроның адвокаттары судья заң бойынша айыптау қорытындысын қабылдамауы тиіс екенін мәлімдеді.
Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес есірткі саудасына қатысты өздеріне тағылған айыптарды алып тастауды судьядан сұрады. Олар шетел мемлекетінің басшысы мен бірінші ханымы ретінде иммунитетке ие екенін алға тартты.
Бұл туралы Euronews жазды.
Манхэттендегі федералдық сотқа берілген өтініштерінде Мадуроның адвокаттары судья заң бойынша айыптау қорытындысын қабылдамауы тиіс екенін мәлімдеді. Себебі олардың айтуынша, шетелдік мемлекет басшысына қатысты мұндай айып тағылмайды.
Айып тағылған кезде өз мемлекеті оны қолданыстағы мемлекет басшысы деп таныған шетелдік көшбасшыға қатысты қылмыстық істі АҚШ-тың бірде-бір соты бұрын қарамаған, – деп жазды адвокаттар.
Сәрсенбі күні Флорестің адвокаттары да жеке өтініш беріп, оның мемлекеттік иммунитетке байланысты АҚШ-та қылмыстық қудалаудан қорғалатынын мәлімдеді
Бұл – Венесуэланың егемендігінің бір бөлігі және одан тек Венесуэланың өзі ғана бас тарта алады, – деп жазды оның адвокаттары.
Мадуроның адвокаттары егер ол мемлекет басшысы ретіндегі иммунитетке ие болмаса да, іс тоқтатылуы тиіс деп санайды. Олардың айтуынша, Мадуро қызметтік міндеттерін орындауына байланысты да иммунитетке ие.
Сонымен қатар адвокаттар Мадуроның өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығаратынын атап өтті.
Егер бұл іс сотқа жетсе, бұл айыптардың жалған екені анық болады, – деді олар.
Мадуро да, Флорес те қылмыстық іс бойынша өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Бұл іс алғаш рет алты жыл бұрын көптеген ықтимал сыбайластарға қатысты қозғалған.
Егер алқабилер олардың АҚШ-қа кокаин жеткізу мақсатындағы қастандыққа қатысқанын анықтаса, екеуіне де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.
Федералдық прокурорлар бұл уәждерге қатысты өз жауабын осы айдың соңында ұсынуы күтілуде.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Мадуроны ұстау операциясын «құқық қорғау органдарының мінсіз жүргізген операциясы» деп атады. Ал Мадуро өзін соғыс тұтқыны деп санайтынын және ұсталуын ұрлау деп атайтынын мәлімдеді.
Прокуратураның мәліметінше, Мадуро Венесуэланың құқық қорғау органдарымен сөз байласып, есірткі барондарына көмектесе отырып, АҚШ-қа мыңдаған тонна кокаин тасымалдау жоспарын ұйымдастырған.