Бүгiн 2026, 16:28 Фото: Anadolu Agency

Нигерияда тырысқақ өршіп тұр: 74 адам қайтыс болды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Нигерия Африкадағы тырысқақтан ең көп зардап шеккен елдердің бірі болып отыр.

Нигерияның солтүстік-шығысындағы Борно штатында жалғасып жатқан тырысқақ індетінен көз жұмғандар саны 74 адамға жетті.

Борно штатының Денсаулық сақтау министрлігі деректеріне сүйенген «Шекарасыз дәрігерлер» (MSF) ұйымының мәлімдеуінше, 1 мамырдан бері тырысқақ індеті таралуын жалғастырып жатыр.

Қазіргі уақытта індеттен қайтыс болғандар саны 74 адамға жеткен. Сонымен қатар тырысқақ жұқтырды деген күдікпен тіркелген жағдайлар саны 7 850-ге жеткені мәлім болды.

Індет 14 жергілікті әкімшілік аудан мен 50 шағын ауданға таралған. Ауру жұқтыру жағдайларының көбеюі медициналық мекемелерге түсетін жүктемені арттырып отыр.

«Vibrio» бактериясынан туындайтын және азық-түлік пен су арқылы таралатын тырысқақ ауруы диареяға әкеліп, ағзаның сұйықтық жоғалтуына себеп болады. Уақтылы ем көрсетілмесе, ауру өлімге соқтыруы мүмкін.

Нигерияда таза ауыз судың тапшылығы ғана емес, тиімді медициналық көмектің жеткіліксіздігі де аурудың таралуы мен өлім-жітім қаупін күшейтіп отыр. Елде безгек, полиомиелит, іш сүзегі және шешек вирусы сияқты жұқпалы аурулар да жиі кездеседі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Нигерия Африка құрлығында тырысқақтан ең көп зардап шеккен елдердің бірі саналады.