22 Қараша 2026, 22:57 Фото: depositphotos.com

Нигерияда қайық аударылып, 26 адам көз жұмды

Алдын ала болжам бойынша, қайықтың шамадан тыс жүктелуі мен қозғалыс кезінде техникалық ақаудың пайда болуы апатқа себеп болған.

Нигерияның оңтүстігіндегі Байэлса штатында жолаушылар мінген қайық аударылып, салдарынан 26 адам қаза тапты. Тағы 24 жолаушы аман қалғаны хабарланды.

Vanguard басылымының жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ағаштан жасалған қайықтағы жолаушылар жерлеу рәсіміне бара жатқан. Алдын ала болжам бойынша, қайықтың шамадан тыс жүктелуі мен қозғалыс кезінде техникалық ақаудың пайда болуы апатқа себеп болған.

Бастапқыда полиция төрт адамның денесі табылғанын және 24 жолаушының құтқарылғанын мәлімдеген. Алайда сенбі күні кешке қарай теңіз полициясы мен сүңгуірлер тағы 22 адамның мәйітін анықтады. Нәтижесінде қаза тапқандар саны 26-ға жетті.

Апаттан аман қалған 19 адамға медициналық көмек көрсетілсе, бесеуі ауруханаға жатқызылған. Қайықты ұйымдастыруға жауапты тұлға тергеу аясында ұсталған. Ал оқиға кезінде қайықты басқарған жүргізуші оқиға орнынан бой тасалаған.

Басылымның мәліметінше, жолаушыларға құтқару кеудешелері берілмеген. Бұған қоса, қайықтың ескіргені және пайдалануға жарамсыз күйде болғаны айтылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары жексенбі күні де жалғасатыны хабарланған.