21 Қазан 2026, 20:56 Фото: Reuters

Нигерия астанасында Эбола вирусын жұқтыру жағдайы анықталды

Нигерияның астанасы Абуджада Эбола безгегін жұқтыру жағдайы расталды. Ауруға шалдыққан әйел Угандадан келген. Қазір ол оқшауланған. Дәрігерлер онымен байланыста болған 44 адамды анықтап үлгерді. Бұл туралы сейсенбі күні Нигерия билігі мәлім етті, деп хабарлайды Reuters.

Диагнозды зертханалық тесттер растады. Нигерияның Денсаулық сақтау министрі Мухаммад Али Пате бұл пациент туралы NTA мемлекеттік телеарнасына айтып берді.

«Ол оқшауланған және сапалы медициналық көмек алуда. Біз байланыста болғандарды анықтадық және бұл жұмыс дәл қазір жалғасуда, қазірдің өзінде 44 байланыста болған адам анықталды», – деді министр.

Оның айтуынша, әйелге диагноз қойылғанға дейін ол бірнеше күн бойы Абуджадағы жеке клиникалардың бірінде емделген.

Пате елдің бұл жағдайды еңсеретініне сендірді.

«Нигерия 2014 жылы Эболаның таралуын сәтті тоқтатты. Бізде бұл жағдайға әрекет ету үшін жеткілікті тәжірибе мен денсаулық сақтау жүйесі бар», – деді ол.

Пациент келген Уганда тарапы бұл оқиғаға қатысы барын теріске шығаруда.

«Угандада Эбола жоқ», – деді ел үкіметінің өкілі Алан Касуджа.

Уганда көктемде және жазда негізінен Демократиялық Конго Республикасынан тасымалданған Эболаның 20 жағдайы туралы хабарлаған болатын. Тамыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл елді вирустан таза деп жариялады.

Аурудың өршуі мамыр айының ортасында Конгода басталған еді. Содан бері ол тарихтағы ауқымы жағынан екінші індетке айналды. Оны Бундибугио сирек штаммы тудырған. CBC мәліметтері бойынша, Конгода қайтыс болғандар саны 4 мыңнан асып кетті.

Қазан айында Эболаны жұқтырудың тоғыз жағдайы Кенияда да анықталды. Олардың барлығы Конгодан келген адаммен байланысты.

Нигерияға көмектесуді Африкалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығы бастап кетті. Оның басшысы Жан Касейя X әлеуметтік желісінде бұл Эбола індеті қамтыған аумағы бойынша тарихтағы ең ауқымды болып, Африканың үш өңіріндегі елдерге шарпығанын жазды.