Ник Вуйчич: Өмірімде 7 кітап оқыдым, оның бесеуі – өзімдікі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ол өмірге екі қолы мен аяғы жоқ күйде келген. Дәрігерлер оның ешқашан ел қатарлы жүре алмайтынын, ал еден жуушы оның әйгілі оратор болатынын айтқан. Қазіргі таңда ол – миллиондаған адамға шабыт сыйлаушы мотиватор. Бүгінгі мақала австралиялық оратор, мотиватор, меценат Ник Вуйчич туралы болмақ.

«Жизнь без границ», «Неудержимый», «Любовь без границ», «Будь сильным» және тағы да басқа мотивациялық кітаптардың авторы кеше Нұр-Сұлтан қаласына келіп, «Қазақстан» орталық концерт залында «Жалқаулықты жеңу. Шектеусіз өмір» атты мастер-класс өткізді. Назарларыңызға Ник Вуйчичтің қазақстандық оқырмандарымен кездесу барысында айтқан әңгімелерін ұсынбақпыз.

Дәрігер: Ол ешқашан жүре алмайды


Күйзелістен арылып, қалай бақытты адамға айналуға болады? Маған қараңыздаршы. Мен бақытты адамға ұқсаймын ба? Ұқсаймын! Мен он екі мүшесі сау адамға ұқсаймын ба? Ұқсаймын! Қараңыздаршы, менің кішкентай аяғым бар: ол жоғары-төмен қозғалады. Менің сіздерден еш айырмашылығым жоқ. Бұл жерде мүгедектер арбасына таңылған адамдарды көріп отырмын. Оның кейбірі туа бітті мүгедек болса, енді бірі жол апатына ұшыраған немесе әлдебір дертке шалдығу салдарынан осындай күйге түскен. Аяқсыз, қолсыз туылғаннан гөрі, күндердің бір күнінде аяқ-қолыңнан айырылып қалу – әлдеқайда қиын. Әр адамның бір кемшілігі бар. Мысалы, Владимирге бір қарағанда (Владимир – аудармашы) ешқандай кемшілікті байқамайсыздар. Оның аяқ киіміне, денесіне, шашына, көзіне қарап көріңіздерші. Көз – жанның айнасы. Әлдебір адамның жанына үңілген кезде құндылық көресіз. Біз жүрегіміз бен ақылымыз бар кезде әрдайым махаббат сезімін бастан кешіреміз, ал болашаққа, өткен шаққа, сәтсіздікке қатысты қорқыныш сезімін одан да жиі сезінеміз. Сіздің аяқ-қолыңыз сау болуы мүмкін, бірақ жүрегіңізде қандайда бір шектеу бар. Қорқыныш – жақсы сезім. Қорқыныш сезімі болмаса, бәлкім өліп қалар ма едіңіздер. Рационал қорқыныш деген бар. Егер ештеңеден қорықпайтын болсаңыз – бұл өте қауіпті. Сондай-ақ, көру, білу, сезу сияқты үш позицияға негізделген иррационал қорқыныш деген де бар. Осы үш позиция негізінде біз өз мүмкіндіктерімізді шектейміз. Мысалы, мен туған кезде дәрігерлер ата-анама «Өте өкінішті, сәбилеріңіз ешқашан жүре алмайды» деп айтқан. Ал қазір көріп тұрғандарыңыздай, мен жүре аламын.

Ақша, есірткі, секс, атақ – ғұмыры қысқа бақыт


Мен сіздерге бәрі мүмкін екенін айтып, мотивация беретін оратор емеспін, өйткені өмірде бәрі мүмкін бола бермейді. Мысалы, мен ешқашан футбол жұлдызы бола алмаймын, себебі бұлай болуы мүмкін емес. Дегенмен, өмірде орындалуы мүмкін нәрселер көп. Адамдардың көбі өз бойында бар қабілетін толық пайдалана білмейді. Өйткені біз өзіміздің бойымыздағы қабілетті басқаның бойындағы қабілетпен салыстырамыз. Мысалы, мен ешқашан Владимир (Владимир – аудармашы) сияқты жүре алмаймын, сырт бейнем де ешқашан оныкі сияқты бола алмайды, онда бар нәрсе ешқашан менде бола алмайды. Бірақ менің кішкентай ғана аяғым бар және осы аяғым маған ұнайды. Мен осы аяғымның көмегімен суда жүзе аламын, сёрфингпен айналысам және дәл осы аяғымның көмегімен дәптерге, компьютерге жазу жаза аламын. Қазіргі уақытта мен компьютер алдында отырып, минутына 53 сөз жаза алам! Сонымен қатар, мені жақсы көретін ата-анам бар. Осының бәрі мен үшін өте маңызды. Мен жетістікке жетіп, қабілетімді дұрыс пайдалану үшін дәл осылай ойлауым керек болатын. Осы уақытқа дейін көрермендер алдында 3500 рет сөз сөйлеппін. Осы уақытқа дейін қаншама адаммен танысып, қаншама адаммен «құшақтастым». Солардың бәрі бақыт іздеп жүр. Қаншама бай адамдармен таныстым, олар да бақыт іздейді. Өйткені ақшаға жүрек тыныштығын сатып ала алмайсың. Біз дәл осы жүрек тыныштығын іздейміз. Қалталы болу жаман емес, мен де ақшаны жақсы көрем, бірақ бақыт ақшаға сатып алған дүниелер арқылы келмейді. Ақша, есірткі, секс, порнография, атақ сияқты дүниелер уақытша нәрсе ғана. Сіздің бақыт туралы ұғымыңыз осындай уақытша дүниелерге ғана негізделген болса, бақытыңыз да уақытша ғана болады. Өз мүмкіндігіңізді шектеп тастау өте оңай.

Үш, екі, бір... Бітті...


Сіз өзіңізді рақметім бар адам деп санайсыз ба? Ерекше алғыс айтқыңыз келетін үш жағдайды айтыңызшы. Енді он секундтық қана өмірім қалды деп елестетіңіз. Он, тоғыз, сегіз, ... үш, екі, бір... Бітті... Қашан соңғы рет жаныңызға жақын адамды құшақтап, жақсы көретініңізді айттыңыз? Қашан соңғы рет әйеліңізді бірге серуендеуге шақырдыңыз? Қашан оған соңғы рет гүл сыйладыңыз? Қашан соңғы рет ұлыңыздың арқасынан қағып, онымен мақтанатыныңызды айттыңыз? Қашан соңғы рет қыздарыңызға әдемі, ақылды, ерекше екенін, оларды қаншалықты жақсы көретініңізді айттыңыз? Ең үлкен байлық – махаббат! Бала-шағаңызды үлде мен бүлдеге орайтындай байлығыңыз жоқ шығар, бірақ сіз оларға қалай жақсы көру керек екенін үйрететін мүмкіндігіңіз бар.

Ник Вуйчичтің сегіз қағидасы

Бірінші, рақметі бар адам бол. Рақмет айтқыңыз келетін он адамның тізімін жасап, жақын арада алғыс айтыңыз. Екінші, не нәрсенің мүмкін емес екенін іс жүзінде тексеріп көрмей – білмейсіз, сондықтан әрқашан әрекет жасауға талпынып көріңіз. Үшінші, егер сәтсіздік орын алса – қайтадан әрекет етіңіз, яғни табанды болыңыз. Төртінші, өміріңде қандай жағдай орын алса да – мүмкіндік деп бағала. Бесінші, арманың асқақ болсын. Алтыншы, ешқашан, еш уақытта берілме! Жетінші, ғажайып бол! Сегізінші, сеніміңді жоғалтпа!

Мен және ата-анам


Ата-анам мен үшін не істеді? Олар мен қалаған нәрсенің бәрін бере алған жоқ. Егер балаңа қалаған нәрсесін ол қалаған уақытта алып беріп отыратын болсаңыз – ол рақметі бар бала болып өспейді. Құдіретті Құдайдың өзі қалаған нәрсеңіздің бәрін бере бермейді. Маған алты жасар ұлым әлдебір ойыншықты сатып алып беруімді сұраса, мен оған «Жұмыс істе де, сатып ал» деймін. Ол «Мен қалай сатып алам? Алты-ақ жастамын ғой!» дейді. Мен оған «Анаңа үй шаруаларына көмектес» деп айтам. Алты жаста болған кезімде әкем маған дәл осылай айтатын. Мен оған аяқ-қолым жоқ екенін айтқанда, «Иә, аяқ-қолың болмағандықтан, есейген кезде саған көп көмекші керек болады. Олар саған тегін жұмыс істемейді, сол себепті сен көп ақша табуды үйрену керексің» деп түсіндіретін. Қазіргі уақытта ұлым үй шаруаларына көмектесіп, менің көлігімнің шаңын сүртіп, тиын-тебен табады. Ал өзі жинаған ақшаға өзі қалаған ойыншықты сатып алуға барған кезде ол «Еңбекпен тапқан ақшама мына ойыншықты алғым келмейді, үстіне ақша қосып басқа ойыншық алам» деп айтады. Демек, мен бұл әрекетім арқылы балаға жұмыс істеуді, ақшаны маңдай термен табуды және қаражатты жұмсауды дұрыс жоспарлауды, алдына мақсат қоюды, шыдамды болуды үйретем. Басқа ата-аналармен жарысып, балаға не қаласа соны алып бере бермеңіз. Ешкім туа салып жүгіріп кеткен жоқ. Жүресің, сүрінесің, қайта тұрасың, құлайсың, қайта тұрасың...

Мен мектеп жасына келген кезде еліміздегі заң бойынша мүгедек балалар мектепте оқи алмайтын. Анам билікке барып, заңнамаға түзету енгізіп, менің мектепте оқуыма жағдай жасады!

Он жасымда өз-өзіме қол жұмсамақ болдым

Өмір жолыңда неше түрлі адамдар кездеседі. Олар сізге «Ешқашан тұрмысқа шықпайсың!», «Ешқашан үйленбейсің!», «Сенің жолың болмайды!», «Жалғыздық – сенің жолдасың», «Тағы да сүрінесің!», «Жеңіле сал!», «Үміт жоқ!» деп айтуы мүмкін. Мұндай сөздер сізді жасытып, жігеріңізді құм қылмасын! Көңіл қалу, сенім жоғалту өзіңіздің бойыңыздағы қабілетті толық пайдалануға кедергі жасайды. Сегіз жасымда мен жеңіле салғым келді. Он жасымда өз-өзіме қол жұмсауға талпындым. Бүгін мен осы жерде өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызбен таныстым. Ол мен жазған кітаптарды оқып, ойынан айныпты. Мен осы үшін қуанам. Он жасымда өз-өзіме қол жұмсап, ол өліммен аяқталса, мен миллиондаған адамды жігерлендіріп, шабыт сыйлау мүмкіндігімнен айырылар едім. Жасымаңыздар, берілмеңіздер!

Айнамның алдында жетім баланың суреті ілініп тұрады


Бүгінгі күні менің жаны да, тәні де сұлу әйелім және төрт балам бар (екі ұл және егіз қыз – ред). Мен де, менің әйелім де кедей отбасынан шыққанбыз. Ештеңеңіз болмаса, өмірде ештеңесі жоқ адамдар көп екені туралы ойлаңыз. Күнделікті жейтін наныңыз болса, бір тілім нанға зар болып отырған адамдар көп екені туралы ойлаңыз. Мен осы нәрсені есімнен шығармаймын. Менің айнамның алдында аш, бірақ жымиып тұрған африкалық жетім баланың суреті ілініп тұр. Мен сол суретке қараған сайын өмірде қандай қиындық болса да шүкір ете білу керектігі туралы ойлайтынмын. Ол суретке қараған сайын есейген кезде жетімдерге қол ұшын созғым келетіні туралы ойлайтынмын. 19 жасқа толған кезімде Африкадағы жетім балаларға 30 000 доллар аудардым! Мен бұл мақсатқа бірден жетпесем де, біртіндеп жеттім. Әйелім екеуіміз 15 жетім балаға тұрақты түрде демеушілік жасаймыз. Менің балаларым ол балаларға хат жазады. Өз балаларымды қайырымды, мейірімді болуға үйретемін. Әр адам өзінен бастауы керек! Қазақстан бай-қуатты, жомарт мемлекет болғанын қаласаңыз – өзіңізден бастап, қайырымды, жомарт болыңыз. Мемлекеттің қалай болуы сіздердің әрқайсыңызға байланысты.

Еден жуушы: Сен оратор боласың!

Мен әкеме спикер болғым келетінін айтқан кезде алдымен мектеп, одан кейін жоғары оқу орнын бітіру керектігімді, содан кейін барып менің арманым туралы әңгіме қозғайтынымызды айтты. Одан кейін кім болғым келетіні туралы анама барып айттым.

- Спикер болып, не туралы айтасың сонда? – деді анам.

- Білмеймін, - дедім мен.

- Сенің тыңдаушыларың кімдер болады?

- Білмеймін.

- Саған ол үшін ақша төлей ме?

- Білмеймін.

- Дәл қазіргі уақытта сені өмір жолыңды тыңдағысы келіп, шақырған мектептер бар ма?

- Жоқ!

- Тіпті сені шақырғанның өзінде ол жерге қалай жетесің?

- Білмеймін.

Әңгіме осымен бітті. Ол кезде шешендік өнерге баулитын ұстаздар да, бизнес бастауды үйрететін кәсіпкерлер де, жетістікке жетуге бағыт беретін коучерлер де болған жоқ. Сол себепті мен осының бәрін үйрететін кітап жазуды армандадым. Өзім кітап оқуды жақсы көрмеймін. Өмірде бар-жоғы 6-7 кітап оқыдым, оның бесеуі – өзімдікі. Ал енді сіздерге спикер болу жолым қалай басталғанын айтып берейін. 17 жасымда мектепте еден жуатын адам маған ұзақ қарап тұрды да «Сен спикер боласың!» деді. Мен таң қалдым! Қайдағы спикер, Құдайым-ау!

- Қайдағы! Мен спикер болмаймын!

- Боласың!

- Болмаймын!

- Спикер болып не айтам?!

- Өз өмір жолыңды айтасың!

- Қайдағы өмір жолы! Менде айтатын ештеңе жоқ!

- Неге жоқ? Бар!

- Жоқ!

Дәл осы әңгімеміз үш айға жалғасты. Ол үш ай бойы маған спикер болу керектігін айтып, көндіруге әрекет жасады. Мен еден жуушыдан үш ай бойы қаштым! Ең үлкен қорқыныш – ажалдан, өлімнен қорқу деп ойлайтынмын. Сол кезде мен үшін үлкен қорқыныш – көрермен алдына шығып сөйлеу екенін түсіндім. Ақыры еден жуушы мені мектеп оқушылары алдына шығып, өмір жолымды айтып беруге көндірді. Ең алғаш көпшілік алдына шығып сөйлеген кезде бір қыз көз жасына ерік берді. Сонда көрермендердің бірі менің телефон нөмірімді сұрап, өз мекемелерінде кездесуге шақырды. Оратор болу жолым осылай басталды.

Шабыт сыйлайтын кездесу


Мен отбасымды өте жақсы көремін және күндердің бір күнінде Қазақстанға отбасыммен бірге келгім келеді. Осы уақытқа дейін 70 мемлекетте болдым. Араларыңызда менің сөздерімді ғаламтордан көріп алғандарыңыз бар шығар, соған қарамастан өмірдегі кездесу сіздерге шабыт сыйлайды деп ойлаймын!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы