Нейромаркетинг адам таңдауын қалай түсіндіреді? – Ғалыммен сұхбат
Елімізде нейромаркетинг саласы бизнес үшін де, ғылым үшін де өте маңызды бағытқа айналып келеді.
Қазақстанда нейромаркетинг жайлы көп айтыла бермейді. Бірақ бұл сала бизнес үшін де, ғылым үшін де өте маңызды бағытқа айналып келеді. Адамның шешімді қалай қабылдайтынын зерттейтін осы ғылым туралы BAQ.KZ тілшісі AlmaU университетіндегі нейромаркетинг және нейроменеджмент зертханасының жетекшісі Ақдана Абужалитовамен тілдесті.
Ғылымға келу жолыңыз қалай басталды?
Негізгі мамандығым – заңгер. Бес жыл бойы екінші деңгейлі банктерде жұмыс істедім. Күнделікті тәжірибеде тұтынушылардың шешім қабылдау логикасын бақылау мені маркетингке алып келді. Заңгерлік дәлдік пен маркетингтік талдау тоғысқан сәтте өз бағытымды таптым деп айта аламын
.
Нейромаркетингті қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады?
Қарапайым тілмен айтсақ, нейромаркетинг – тұтынушының миымен «тікелей жұмыс істеу». Дәстүрлі маркетинг адамнан пікір сұрайды. Бірақ адам әрқашан шынайы жауап бере бермейді. Ал нейромаркетинг адамның сөзіне емес, физиологиялық реакцияларына сүйенеді. Мысалы көз қозғалысы, бет-әлпет өзгерісі,тері реакциясы.Осы арқылы біз тұтынушының нақты не сезінетінін анықтаймыз.
Әлемдік тәжірибемен салыстырғанда Қазақстандағы жағдай қандай?
Әлемдік деңгейде бұл сала әлдеқашан стандартқа айналған. Қазақстанда бұл бағыт енді дамып келеді, бірақ әлеуеті өте жоғары. Қазіргі нарықта бәсекелестік күшейген сайын, бизнеске ғылыми негізделген шешімдер қажет. Қазір біз спорт маркетингі, фармацевтика және жарнамадағы метафоралардың әсері бойынша жаңа зерттеулер жүргізіп жатырмыз.
Әйел ғалым ретінде қандай қиындықтар мен артықшылықтар бар?
Бұл – екіжақты мәселе. Әйел адамға отбасы мен мансапты қатар алып жүру оңай емес. Бірақ ғылымда әйелдерге тән интуиция,төзімділік,детальға мән беру секілді қасиеттер үлкен артықшылық береді. Қазір Қазақстанда әйел ғалымдарға деген көзқарас өзгеріп келеді. Мен үшін ғылым – гендерлік емес, интеллектуалдық бәсеке.
Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін алғыс білдіремін.