Неймар Чемпиондар лигасының финалына қатыспай ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бразилия ұлттық құрамасы мен франциялық ПСЖ-ның шабуылшысы Неймар "РБ Лейпциг" командасының қорғаушысы Марсель Хальстенбергпен жейде алмасқаны үшін Чемпиондар лигасының финалына қатыспауы мүмкін. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады. 

Айта кетейік, 19 тамызда Чемпиондар лигасының жартылай финалында франциялық ПСЖ немістің "РБ Лейпциг" командасын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, дүбірлі доданың ақтық мәресіне жолама алған болатын. Аталған матчтан кейінгі бразилиялық пен оның әріптесінің әрекеті биылғы УЕФА турнирлерін өткізу ережелерінің бір пунктін бұзып отыр. 

Атап айтқанда, коронавирус пандемиясына байланысты жаңа ережелерге сәйкес, футболшыларға жейде алмасуға тыйым салынған. Ондай жағдайда жейде алмасқан ойыншылар 12 күндік өзін-өзі оқшаулау режимінде болуы тиіс. Осылайша, бразилиялық өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының финалына шығып отырған ПСЖ командасына шешуші матчта көмектесе алмауы әбден мүмкін. Басты Еурокубоктың финалдық матчы 23 тамызға жоспарланған. Ақтық сында француздар "Бавария" – "Лион" жұбының жеңімпазымен кездеседі. 

Айта кетейік, осы маусымда Неймар ПСЖ құрамында барлық турнирлерде 26 матчқа қатысып, 19 гол мен 12 нәтижелі пастың авторы атанған. Бұған дейін "Барселона" футбол клубының бас бапкері Кике Сетьеннің "Бавариядан" 2:8 есебімен жеңілгеннен кейін қызметінен босатылғанын хабарлағанбыз. Көп ұзамай БАҚ өкілдері оның орнына кім келетінін жарыса жазды. Атап айтқанда, Нидерланды ұлттық құрамасының бас бапкері Рональд Куманның каталониялықтармен екі жылға келісімшартқа отыратыны хабарланды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы