10 Тамыз 2026, 11:54 Фото: AP Photo/Alex Brandon

Нетаньяху Трампқа шарт қойды

Израиль АҚШ президенті Дональд Трамптың Газаға қатысты ұсынған 15 тармақтан тұратын келісімін қабылдамады.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху ХАМАС қаруын тапсырмайынша, Израиль әскерінің Газадан шығарылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлайды, деп жазады BAQ.KZ.

Нетаньяху үкімет отырысында Израильдің аталған құжатты қабылдамайтынын айтқан. Алайда Вашингтонмен Газаға қатысты жоспарларды талқылау жалғасып жатқанын жеткізді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль әскерінің ХАМАС қарусызданған сайын Газадан кезең-кезеңімен шығарылатынын мәлімдеген болатын. Қазіргі уақытта Израиль әскері шамамен екі миллион адам тұратын Газа аумағының жартысынан көбін бақылауда ұстап отыр. Соғыс салдарынан аймақтың басым бөлігі қираған.

ХАМАС саяси бюросының мүшесі Бассам Наим ұйымның келісім бойынша ұсынылған жол картасын орындауға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ХАМАС делдалдар мен АҚШ тарапынан Нетаньяхуға қысым жасалады деп күтеді.

Израильдегі саяси жағдай да күрделі күйінде қалып отыр. Нетаньяху келесі 27 қазанда өтетін сайлау алдында билігін сақтап қалуға тырысып жатыр.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп тұр

Ал Йеменде Иран қолдайтын хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы үкімет бақылауындағы Моха портты қаласына шабуыл жасады. Бұл қалаға соңғы 24 сағат ішінде жасалған екінші шабуыл болды.

Хуситтердің әскери өкілі Al-Masirah телеарнасына берген мәлімдемесінде соққының қару-жарақ қоймалары мен Сауд Арабиясы әскери күштерінің орналасқан орындарына бағытталғанын айтты.

Аймақтағы тағы бір маңызды мәселе – Ормуз бұғазына қатысты жағдай. Иран мен Оман бұғазды қайта ашуға және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Тегеран бұғаз арқылы өтетін кемелерге қатысты шектеулер енгізу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Иран «дұшпан елдермен» байланысы бар кемелердің бұғаз арқылы өтуіне тыйым салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ормуз бұғазы – әлемдегі маңызды стратегиялық теңіз жолдарының бірі. Сондықтан ондағы кез келген тұрақсыздық халықаралық теңіз тасымалы мен мұнай жеткізіліміне әсер етуі мүмкін.

Таяу Шығыстағы соңғы жағдай Израиль, Иран, АҚШ және аймақтағы басқа тараптар арасындағы шиеленістің әлі де жоғары деңгейде екенін көрсетіп отыр. Аймақтағы жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні халықаралық қауымдастықтың назарында.

Аружан Базарбай