Нетаньяху Қатардан Дохадағы әуе соққысы үшін кешірім сұрады
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Қатарға Дохадағы әуе соққысы үшін кешірім сұрады. Шабуыл кезінде 6 адам қаза тапқан. Қатар кешірімнен кейін ХАМАС пен Израиль арасындағы делдалдықты жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Израиль басылымдарының мәліметінше, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ сапары кезінде Қатардың премьер-министрі және сыртқы істер министрі Мұхаммед бен Абдуррахман әл-Саниға телефон шалып, 9 қыркүйекте Дохаға жасалған әуе соққысы үшін кешірім сұраған.
Channel 12 телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-та жүрген Нетаньяху Қатар премьер-министрі әл-Саниға қоңырау шалып, Израиль әскерінің елордаға жасаған әуе соққысы үшін кешірім білдірген.
Берілген ақпаратқа сәйкес, Нетаньяху әуе соққысы салдарынан қатарлық қауіпсіздік қызметкерінің қаза табуына және Қатардың егемендігі бұзылғанына өкінетінін айтқан.
Дереккөздер бұзылған шығын үшін өтемақы мәселесі қозғалуы мүмкін екенін хабарлағанымен, кешірім сөзі өз алдына маңызды қадам ретінде қабылданатыны айтылады. Қатар кешірім сұрауды ХАМАС пен Израиль арасындағы келіссөздер бойынша делдалдықты қайта жандандыру шарты ретінде қойған болатын.
9 қыркүйекте Израиль армиясы ХАМАС келіссөз тобы орналасқан ғимаратқа Дохада әуе соққысын жасаған еді. Осы шабуылдан ХАМАС жетекшілері аман қалғанымен, 6 адам қаза тапты: ХАМАС саяси бюросының мүшесінің ұлы Халиль аль-Хайе, сондай-ақ төрт қозғалыс мүшесі және бір қатарлық полиция қызметкері.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 10 қыркүйектегі мәлімдемесінде Қатарға былай деп ескерткен еді:
Сіздер оларды депортациялайсыздар немесе сотқа тапсырасыздар. Егер сіздер оны жасамасаңыздар, біз жасаймыз, - деген болатын Биньямин Нетаньяху.
Еске салсақ, Израиль Катар астанасына бірнеше әуе соққысын жасады. Бұл соққылардың басты нысанасы ХАМАС қозғалысының жетекшілері болды. Катар билігі мұны халықаралық құқықты өрескел бұзу деп бағалап, аймақтағы тұрақсыздықты одан әрі ушықтырады деп мәлімдеді.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Дохада орналасқан ХАМАС басшыларына соққыдан кейін алғаш рет Катарды ашық сынады. Ол елді "террористерді паналатты" деп айыптаған еді.