Нетаньяху: Израиль Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермейді
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде бірнеше батыс елдерінің Палестина мемлекетін мойындауына қатаң сын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Нетаньяху мінберге көтерілгенде, ондаған дипломат залдан шығып кетті. Сыртта Таймс-скверде Израильдің Газа секторындағы әскери қимылдарына қарсы наразылық өтті.
Осы аптада Ұлыбритания, Франция, Канада, Австралия секілді елдер Палестинаны мойындаған болатын.
Премьер-министр сөзінде Иран мен оның аймақтағы одақтастарын айыптап, Израильдің ХАМАС, «Хезболла», хуситтерге қарсы операцияларын атап өтті. Ол АҚШ-қа, әсіресе Дональд Трампқа, Иран нысандарына жасалған бірлескен шабуыл үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылын 11 қыркүйек оқиғасымен салыстырды.
Нетаньяху Израиль Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермейтінін және бұл ұстанымды израильдіктердің басым бөлігі қолдайтынын айтты. Сонымен қатар ол БҰҰ-ның Израильге тағылған «геноцид» айыптарын негізсіз деп жоққа шығарды.
Баяндамасы кезінде Израиль әскері Газа аумағында дауысзорайтқыш арқылы Нетаньяху сөзін таратты. Ол кепілде отырғандарға үн қатып, «Сіздерді ешқашан ұмытпаймыз. Барлығыңызды үйге қайтармайынша, күресті тоқтатпаймыз» деді. Қазіргі уақытта Газада 48 адам кепілде, олардың 20-сы тірі екені хабарланды.
Израиль ішінде де премьердің сөзі сынға ұшырады. Оппозиция жетекшісі Яир Лапид оны «шаршаған және шағымданған премьер» деп сипаттап, «дипломатиялық цунамиді тоқтатудың орнына, жағдайды ушықтырды» деді. Ал Яир Голан бұл әрекетті «балалық әрі үгіт-насихат шоуы» деп бағалады.
Бір күн бұрын Палестина жетекшісі Махмуд Аббас БҰҰ мінберінен әлемдік көшбасшыларды бейбітшілік жоспарын жүзеге асыруға шақырған еді.
Соғыс 2023 жылдың 7 қазанындағы ХАМАС шабуылынан кейін басталды. Израиль жағынан 1200-ге жуық адам қаза тауып, 251 адам кепілге алынған. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі Газа секторында бүгінге дейін 65 мыңнан астам адамның қаза тапқанын хабарлады.