Несіпбек Айтұлы Астананың 3 мектебіне 1000 кітап сыйлады
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы елорданың үш мектебіне 1000 кітап сыйға тартты. Бұл туралы Несіпбек Айтұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Қаныш Сәтбаев атындағы №61 орта мектепке 312, Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясына 200, №88 Мектеп-лицейіне 488 дана кітап берілді, – деп жазды ақын.
Өз кезегінде №61 мектеп ұжымы жомарт ақынға ризашылықтарын білдірді.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енді. Осыған орай ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы мектебіміздің кітапханасына өзінің кітапхана қорынан 312 кітапты тарту етті, – деп жазды мектеп ұжымы.
Айта кетейік, «Оқуға құштар мектеп» жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес бекітілген.