Несиенің қарызына батпас үшін не істеу керек?

Кредит – өмір сапасын жақсартуға көмектесетін қаржылық құрал, бірақ ол қарызға белшеден батудың да себебі болуы мүмкін. Қарызға ұқыпты қарау артық шығындардан сақтап, қаржылық қиындықтардан құтылуға көмектеседі.

Кредит мақсатын нақты анықтаңыз. Кредит алар алдында оның нақты не үшін қажет екенін ойланыңыз. Негізінен, мақсаттар үш санатқа бөлінеді: Қысқа мерзімді – тұрмыстық техника, жиһаз, смартфон сатып алу. Орта мерзімді – білім алу, көлік алу. Ұзақ мерзімді – баспана, бизнес.

Ең қауіпті жағдай – «банк мақұлдады» деген себеппен қарыз алу. Мысалы, сізге 1 миллион теңге қажет, бірақ банк 2 миллион ұсынып тұр. Артық ақша көбіне қажетсіз заттарға жұмсалып кетеді, ал қайтару қиын болады. Сондықтан нақты қанша қажет екенін алдын ала есептеп алыңыз.

Көп жағдайда жаңа гаджет алу – қажеттіліктен емес, “жаңасын көрсету” ниетінен туындайды. Егер телефон жұмыс немесе оқу үшін аса қажет болса, несие алуға болады. Бірақ тек “модель жаңарту үшін” несие алудың қажеті жоқ. Оның орнына, қаражат жинау немесе балама нұсқаларды қарастыру тиімдірек.

Қаржылық жағдайыңызды дұрыс бағалаңыз. Кредит алар алдында оның сіздің бюджетіңізге ауыртпалық түсірмейтініне көз жеткізіңіз. Барлық несие төлемдерінің жиынтығы табысыңыздың 50%-ынан аспауы керек. Күтпеген табысқа сенбеу керек, әсіресе егер ол тұрақты болмаса. Қаржылық қауіпсіздік жастығын жасаңыз – табыс азайған жағдайда резервтік қор көмектеседі. Ең нашар сценарийді елестетіңіз: егер кірісіңіз азайса, несиені төлей аласыз ба? Егер “иә” десеңіз, несие алуға болады.

Инвестиция үшін несие алмаңыз. Қаржылық сауаттылықтың ең басты қағидаларының бірі – қарызға алынған ақшаны инвестицияға салмау. Неге? Криптовалюта, қор нарығы және стартаптар – тәуекелі жоғары құралдар. Олар табыс әкелетініне кепілдік жоқ, бірақ несие бойынша пайызды бәрібір төлеу керек.

Ерекше жағдай: Бизнес бастау үшін несие алуға болады, бірақ табыс көзін нақты түсініп, қанша уақыт ішінде өтелетінін алдын ала есептеу қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы