Несиелерді «есептен шығару» қызметін ұсынған алаяқтар әшкере болды

Астана қаласының соты тұтынушылық және автонесиелеу саласында алаяқтық жасаған ұйымдасқан топқа қатысты үкім шығарды. Топтың ұйымдастырушысы 9 жылға, қалған қатысушылар 6 жылдан 8 жылға  дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алаяқтар азаматтарға қолданыстағы несиелерін «есептен шығару» қызметін ұсынған. Одан кейін оның орнына жаңа кредиттер мен автонесиелер рәсімдеуді көрсеткен. Олар ай сайынғы төлемдерді өздері төлейміз деп уәде берген.

Алайда уәделер орындалмай, жәбірленушілерге келтірілген шығын 240 млн теңгеден асқан. Құрбандардың көбісі табысы төмен азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар болған.

Астана қаласы прокуратурасы азаматтарды кредиттерді жылдам рәсімдеу ұсыныстарына сақтықпен қарауға және үшінші тұлғаларға жеке әрі қаржылық деректерін бермеуге шақырады. Күмәнді жағдай туындаса, құқық қорғау органдарына дереу хабарласу маңызды, - деп ескертті Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы