23 Қыркүйек 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Несие төлей алмай жүргендерге жаңа мүмкіндік: Қазақстанда ереже өзгереді

Қарыз алушыларға берешекті қайта құрылымдаудың жаңа мүмкіндіктері ұсынылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың несие шарттарын өзгерту туралы өтініштерін қарау тәртібін өзгертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңа түзетулер бірнеше кредиторы бар қарыз алушылардың берешегін ұжымдық реттеу рәсімін және бұл процеске банк омбудсманының белсенді қатысуын көздейді.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктегі немесе микроқаржы ұйымындағы қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы қарыз алушылардың өтініштерін қараудың жаңартылған қағидаларының жобасын жариялады.

Түзетулерге сәйкес, егер банк немесе микроқаржы ұйымы кредит талаптарын өзгертуге келіспесе немесе тараптар берешекті қайта құрылымдау бойынша ортақ шешімге келе алмаса, кредитор қарыз алушыға банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқылы екенін хабарлауға тиіс. Мұндай өтінішті қарауға үш күн беріледі.

Сондай-ақ бірнеше банк пен микроқаржы ұйымы алдында мерзімі өткен кредиттері мен қарыздары бар азаматтарға арналған берешекті ұжымдық реттеу рәсімі енгізіледі. Бұл рәсімді тек кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша және қарыз алушының мүлікпен қамтамасыз етілген басқа кредиттері болмаған жағдайда қолдануға болады.

Ұжымдық реттеу туралы өтінішті банк және микроқаржы омбудсмандары жанындағы арнайы платформа арқылы электронды түрде беруге болады.

Өтініш түскеннен кейін банк немесе микроқаржы омбудсманы үш жұмыс күні ішінде рәсімді бастауға тиіс. Берешекті реттеудің барлық кезеңінде ол келісімге қол қою немесе одан бас тарту процесін үйлестіреді.

Берешек бойынша келісімге қол жеткізілгеннен кейін омбудсман қарыз алушыға ұжымдық реттеу талаптарын, хаттаманы және кредиторлармен жасалатын медиациялық келісімдердің жобаларын жібереді. Төлем кестесі белгіленген тәртіпке сәйкес берешектің жалпы сомасы негізінде есептеледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына және атаулы әлеуметтік көмек алушыларға төлем кестесін есептеудің жеке тәртібі қарастырылған.

Егер қарыз алушы келісімдерге қол қоюдан бас тартса, омбудсман бір жұмыс күні ішінде оған берешекті жеке тәртіппен реттеу мүмкіндігі туралы хабарлауға тиіс.

Қаулының негізгі бөлігі алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді. Сонымен қатар қаулыда көрсетілген нормалар, соның ішінде берешекті ұжымдық реттеудің жаңа тәртібі, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.