«Несие мақұлданған, бірақ пәтер жоқ»: Алматы жастары бағдарламасына қатысушылар неге шағымданып жатыр?
Сарапшының сөзінше, қазіргі жағдайда барлық сұраныс нарықтағы арзан тұрғын үй сегментіне шоғырланған.
Алматы жастары бағдарламасы арқылы баспаналы болуға үміттенген жастардың бір бөлігі соңғы уақытта маңызды мәселеге тап болғанын айтып жатыр. Олардың сөзінше, бағдарлама аясында мақұлданған несие сомасына талапқа сай әрі жайлы пәтер табу барған сайын қиындап барады. Сарапшы мұның себебі бағдарламаның өзінде емес, тұрғын үй нарығындағы өзгерістерде екенін алға тартады.
Құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы QazExpertClub сарапшысы Диляра Сейтнұрова BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында бағдарламаға қатысушылардың наразы болуы бекер емес дейді. Ол мәселе бағдарламаның шарттарында емес, нарықтағы жағдайдың өзгеруінде екенін атап өтті.
«Алматы жастары» бағдарламасына қатысушылардың шағымдары орынды. Бірақ мәселе бағдарламаның өзінде емес, нарықтың оған сай келетін пәтерлер ұсынбай қалуында. Қарыз мақұлданады, алайда баға мен аумақ бойынша лимиттерге сәйкес келетін нысандардың саны өте аз, – дейді Диляра Сейтнұрова.
Оның айтуынша, бұл жағдайға бірнеше фактор бір мезетте әсер еткен.
2026 жылдың қаңтарынан бастап бастапқы тұрғын үй нарығына алғаш рет 16 пайыздық қосылған құн салығы енгізілді. Соның салдарынан жаңа тұрғын үйлердің бағасы 10-12 пайызға қымбаттады. Нәтижесінде көптеген пәтерлер бағдарламадағы баға шегінен шығып кетті, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар, оның пікірінше, қайталама тұрғын үй нарығындағы ахуал да жағдайды қиындатып отыр.
2024 жылға дейін жеңілдетілген ипотека рәсімдеп үлгерген азаматтар баспаналарын сатуға немесе ауыстыруға асықпайды. Сондықтан нарықтағы қолжетімді ұсыныстар одан әрі азайды, – деп түсіндірді ол.
Диляра Сейтнұрова коммерциялық ипотеканың жоғары пайыздық мөлшерлемесі де тұрғын үй бағасының төмендеуіне мүмкіндік бермей отырғанын айтты.
Коммерциялық ипотеканың 22-24 пайыздық мөлшерлемесі іс жүзінде көпшілік үшін қолжетімсіз. Мұны сатушылар да жақсы біледі. Сондықтан олар бағаны бағдарлама талаптарына сәйкес деңгейге дейін түсіруге мүдделі емес, – дейді сарапшы.
Оның бағалауынша, қазіргі жағдайда барлық сұраныс нарықтағы арзан тұрғын үй сегментіне шоғырланған. Алайда мұндай пәтерлердің саны өте аз.
Нәтижесінде үлкен алшақтық пайда болды: мақұлданған несие бар, бірақ оған сатып алатын пәтер жоқ, – дейді Диляра Сейтнұрова.
Сарапшының пікірінше, мәселені шешудің негізгі жолы – нарықтағы баға өзгерістеріне сәйкес бағдарламаның шекті бағаларын қайта қарау.
Бұл мәселе ұсыныстың өздігінен артуын күтумен шешілмейді. Бағдарламаның баға лимиттерін нарықтағы жағдайға бейімдеу қажет. Әйтпесе мақұлданған өтінімдер қағаз жүзінде қалып қоя береді, – деп түйіндеді ол.
Осылайша, сарапшының айтуынша, бүгінде «Алматы жастары» бағдарламасының басты мәселесі несие алу емес, мақұлданған қаржыға сәйкес келетін тұрғын үй табу болып отыр. Тұрғын үй бағасының өсуі мен нарықтағы ұсыныстың азаюы бағдарламаның тиімділігін төмендетіп, жастардың баспаналы болу мүмкіндігін шектей бастаған.
Еске салсақ, бұған дейін «Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасының нәтижесі шыққаны хабарланды. Құжаттарды зерделеу барысында кейбір үміткерлердің жұмыс саласын қате көрсеткені анықталған.