Несие арзандап, депозиттің пайызы түсе ме? – Ұлттық банктің мәлімдемесі
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі қазақстандықтардың несиесі мен депозитіне бірден әсер етпейді, бірақ нарықта өзгерістер басталуы мүмкін.
Қазақстанда несие мен депозит мөлшерлемелері алдағы уақытта біртіндеп өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімге қатысты өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлеменің 1 пайыздық тармаққа төмендеуі қазақстандықтардың өміріне бірден әсер ете қоймайтынын айтты.
Оның сөзінше, ақша-кредит саясатының нәтижесі уақыт өте келе байқалады.
Базалық мөлшерлеме өзгергеннен кейін әдетте несие мөлшерлемелері де, депозит мөлшерлемелері де қайта қаралады. Бұл бизнеске де, халыққа да қатысты. Нәтижесінде экономикадағы ақша құны біртіндеп арзандай бастайды, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы банктердің қаржы тарту құны төмендеген сайын нарықтағы шарттар да өзгеретінін атап өтті.
Оның айтуынша, несие алуды жоспарлаған азаматтар болашақта пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуін байқауы мүмкін. Алайда бұл процесс бірден жүзеге аспайды. Сонымен қатар депозиттердің табыстылығы да біртіндеп азаяды.
Депозиттер банктер үшін негізгі қаржыландыру көзі саналады. Сондықтан депозит бойынша сыйақы төмендеген сайын банктердің несие беру құны да арзандайды. Бұл – қаржы нарығындағы қалыпты үрдіс, – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменов қазіргі шешімнің қысқа мерзімде айтарлықтай нәтиже бермеуі мүмкін екенін, алайда негізгі мақсат инфляцияны төмендету екенін айтты.
Бір пайыздық тармаққа төмендеу халық үшін бірден сезілетін өзгеріс әкеледі деу қиын. Бірақ басты нәтиже – инфляцияның баяулауы. Біз инфляцияны 12-13 пайыз деңгейінен 10,4 пайызға дейін түсірдік. Бұл шамамен 3 пайыздық тармаққа төмендеу деген сөз. Әрине, бұл жаман нәтиже емес, дегенмен алда атқарылатын жұмыс әлі де көп, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 17 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдаған болатын. Реттеуші бұл қадамды инфляцияның баяулауы және макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруымен байланыстырды.