Несие алып, тағдырыңды қалай өзгертуге болады
Қазақстанның түкпір-түкпірінде "Ауыл аманаты" бағдарламасы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, жаңа кәсіптердің ашылуына серпін беріп келеді. Жеңілдетілген несие, мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлікке деген ынта – талай ауыл азаматының өмірін өзгертті. Жамбыл, Алматы және Атырау облыстарындағы табысқа жеткен кәсіп иелерінің әңгімелері – соның айқын дәлелі.
BAQ.KZ тілшісі ауылдағы арманға қанат бітірген жобаның жарқын мысалдарына шолу жасады.
Жер астындағы жылыжай: Жамбылдық жас агрономның ерекше тәжірибесі
Жамбыл облысы Айшабибі ауылының тұрғыны Диар Бекислам ауыл шаруашылығын заманауи көзқараспен дамытып жүрген жас кәсіпкер. Ол ауласында жер астына жылыжай салып, гүл өсірумен айналысады. Ерекшелігі – жылыжай 2 метр тереңдікте орналасқан, бұл жылуды сақтап, желден қорғайды.
Неге жер астында?
– Жылу қуатын үнемдейді;
– Желден қорғалған, қауіпсіз;
– Қысы-жазы тұрақты температураны ұстайды.
Диардың айтуынша, бұл идеяны жүзеге асыруға "Ауыл аманаты" жобасы көмектескен. Ол 9 млн 830 мың теңге көлемінде 2,5% жеңілдетілген несие алып, жалпы құны 17 млн теңгелік жылыжай салды. Мұнда газания, петуния, бархат, лалагүл сияқты гүлдер өсіріледі. Гүлдер жергілікті климатқа бейімделіп, 2-3 ай ішінде дайын өнімге айналады.
1 сәуірден бастап алғашқы өнімді сатуға жоспар бар. Әзірге орталық базарға шығарылмақ, ал сұраныс артса, ассортимент те кеңейеді.
Диардың арманы – жеке гүл дүкенін ашу. Ол үшін тағы да мемлекеттік қолдауға үмітті.
Ағаштан өрнек ойған шебер
Жамбыл облысы Бесағаш ауылындағы "Қонақбай" шеберханасы – ауыл кәсіпкерлігінің үздік үлгісі. Оның иесі Болат Жараров "Ауыл аманаты" арқылы 9,6 млн теңге несие алып, заманауи ағаш өңдеу құрылғыларын сатып алды. Бұрын қолмен жасалатын бұйымдар қазір миллиметрлік дәлдікпен, жылдам әрі сапалы орындалады.
Шеберханада 10-ға жуық ауыл тұрғыны еңбек етеді. Олар ұлттық нақыштағы жиһаз, кәдесый, тұрмыстық бұйымдар дайындайды. Болаттың мақсаты – тек бизнес жүргізу емес, ауыл жастарына кәсіп үйретіп, жұмыс орнын көбейту.
Бұл жабдықтар менің ғана емес, бүтін ауылдың тірегіне айналды, – дейді ол.
Шеберхананың өнімдеріне ауыл тұрғындары ғана емес, аудан мен облыс орталығынан да тапсырыс көптеп түседі. Экологиялық таза, табиғи ағаш бұйымдарға сұраныс артып отыр.
Ауылдағы стоматология
Атырау облысы Құрманғазы ауылындағы SSS/Stom клиникасы – "Ауыл аманатының" арқасында жаңарған медициналық нысан. Тіс дәрігері Серік Сужиков 6 млн теңге несиеге жаңа кресло, аспашам, заманауи жабдықтар алып, қызмет сапасын арттырған.
Бүгінде клиникада 3 дәрігер, 4 медбике, 2 санитар жұмыс істейді, күніне 40-қа дейін науқас қабылданады. Пациенттер арасында көрші облыстардан және Ресейден келгендер де бар.
Ауылдық стоматологияның басты мәселесі – білікті кадрлар тапшылығы. Серік жас мамандарды ауылға тарту үшін баспана мәселесін шешу қажет екенін айтады.
Гүлмен өрілген өмір: Гүлжахрам Зурдинованың жылыжай патшалығы
Алматы облысы Шелек ауылында Гүлжахрам Зурдинова 25,8 млн теңгелік жеңілдетілген несие алып, 300 шаршы метр және қосымша 220 шаршы метр жылыжай ашқан. Мұнда жыл бойы қызғалдақ, раушан, сүмбіл, бақытгүл, жұлдызгүл және басқа да ондаған гүл түрі өсіріледі.
Мереке қарсаңында 18 мың қызғалдақ түгел сатылып кеткен. Тұрақты тапсырыс берушілердің қатарында мектептер, балабақшалар, ауруханалар бар. Сондай-ақ "Алтын Орда" базарындағы екі сауда нүктесі де тұрақты табыс әкеледі.
Гүлжахрамның мақсаты – жаңа жылыжай салып, көпжылдық және бөлме өсімдіктерін бөлек өсіру.
Бағдарлама несімен тиімді?
"Ауыл аманаты" – тек несие беру тетігі емес, бұл ауыл экономикасын жандандыруға арналған кешенді жоба.
Артықшылықтары:
– 2,5% жеңілдетілген несие;
– 5 жылға дейін (мал шаруашылығына – 7 жылға дейін) қайтару мерзімі;
– Кепіл шарттарының тиімділігі;
– Кәсіпкерліктің түрлі бағыттарын қамту.
2023-2024 жылдары 16,2 мың несие беріліп, 17,8 мың жұмыс орны ашылған. 540-тан астам ауыл шаруашылық кооперативі құрылған.
Диардың жер астындағы жылыжайы, Болаттың ұлттық нақыштағы шеберханасы, Серіктің ауыл стоматологиясы мен Гүлжахрамның гүл патшалығы – бәрі де бір бағдарламаның жемісі.
Бұл – ауылдағы қарапайым арманның мемлекет қолдауымен шынайы табыс тарихына айналатынын дәлелдейді.