Несие алуға қатысты тағы бір өзгеріс болады
Қазақстандықтар енді бір уақытта бірнеше несие ала алмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттардың нормативтік актілерді нақтылауға және азаматтар мен бизнестің мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған екінші оқылымға қатысты ұсыныстарын жұмыс тобы қолдады.
Негізгі бастамалардың қатарында заңды және жеке тұлғалардың шотына сыйақы есептеуге тыйым салуды алып тастау бар.
Жеке тұлғалардың бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан бір сағат ішінде несие алуға өтініш беруіне қойылған шектеу сақталды. Несие бюролары алаяқтыққа қарсы Антифрод орталығына енгізіледі және алаяқтық әрекеттерді тексеру үшін жеке тұлғалардың екі немесе одан да көп банкке берген несие өтінімдері туралы ақпаратты бір сағат ішінде бөлісуге міндетті болады. Бастапқы биометриялық мәліметтерді алу және электронды цифрлық қолтаңбаны беру тек клиенттің жеке қатысуымен жүзеге асырылады.
Бұған дейін борыштары өтелмеген азаматтар енді жаңа кредит ала алмайтыны жайында жазған едік.