Несие алғызатын алаяқтардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға қарыз рәсімдеу кезінде ерекше сақ болуға және несие алғызатын алаяқтардан қорғану үшін қолжетімді құралдарды пайдалануға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Цифрлық белсенділік артып тұрған қоғамда алаяқтар жиі-жиі бейқам азаматтардың атынан несие рәсімдеуге тырысады.
Алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керек?
Мамандар азаматтарға eGov.kz порталы, eGov mobile мобильді қосымшасы немесе несие бюросы арқылы "Stop кредит" қызметін қосуға кеңес береді. Бұл құрал сіздің келісіміңізсіз несие рәсімделу мүмкіндігін блоктауға және алаяқтық әрекеттерге уақытылы жауап беруге мүмкіндік туғызады.
Сонымен қатар, цифрлық гигиенаның негізгі ережелерін сақтау маңызды: SMS-кодтарды, PIN-кодтарды, бір реттік парольдерді және басқа да конфиденциялық мәліметтерді ешкімге хабарламау, тіпті қоңырау шалушы өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да. Қашықтан қол жеткізуге арналған үшінші тарап қосымшаларын орнату және SMS немесе мессенджерлердегі күдікті сілтемелерге өту де қауіп төндіреді.
Агенттік атап өткендей, несие тарихын тұрақты тексеру — рұқсатсыз алынған қарыздарды уақытында анықтаудың тиімді тәсілі. Сондай-ақ, онлайн-банкингке және басқа қаржылық қызметтерге кіру үшін екі факторлы аутентификацияны қолдану ұсынылады.
Осы нұсқауларды орындау арқылы сіз кредиттік алаяқтықтың құрбаны болу тәуекелін айтарлықтай азайтасыз, - деп жазылған агенттік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар несиені көбірек ала бастағанын хабарладық.