Несие алғандарды таныстарына хабарласып іздейді. Депутат мәселені реттеуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жалпы отырыста борышкерлердің қарызы үшін жақындарына хабарласып, іздейтін коллекторлардың жұмысы қалай реттелетінін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Пәтер алу мақсатында жеңілдетілген несие алу үшін, мысалы, Отбасы банктен алатын болса, несие алушы адам несиенің 50%-ын салуға тиіс. Айталық, 40 мың доллар алатын болса, соның 20 мың долларын салуы керек. Енді несиенің пайызын есептеген кезде тұтас 40 мың долларға пайыз есептейді. Бұл ешқандай логикаға сыймайды. Түйенің мойнынан да қисық қой. Сонда адам өзінің салған ақшасына неге пайыздық төлем төлеуі керек? Коллекторлық ұйымдар проблемалық несиелерді өндірту мақсатында бір борышкерді іздеу үшін соның бүкіл таныстарын телефонмен жағалап шығады. Бөгде адамның несиесі үшін оның бүкіл танысы міндетті емес қой. “Сол адамды тауып беріңіз” деген асыра сілтеушілікке дейін барады. Осыған қалай тыйым салуға болады? – деп сұрады депутат.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова депутаттың сұрағына жауап, бірінші сұрақ агенттіктің құзыретіне жатпайтынын мәлімдеді. Сөзінше, бұл нормалар басқа заңмен бекітілген.
Коллекторлық ұйымдар бойынша, есіңізге салып кетейін, біз екі жыл бұрын коллекторлардың қызметін қатаңдату бойынша өзгерістер қабылдадық. Мысалы, аудио-видео фиксация жасау, аптасына неше рет қоңырау соға алады. Одан басқа коллекторлық агенттіктерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бірақ туысқандарына, жұмысына хабарласа ала ма, оны тексерейін. Керек болса, тағы өзгерістер жасайық, - деп түсіндірді агенттік басшысы.