Неше қазақстандық жазасын шетелде өтеп жатыр

Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында неше қазақстандық шетелде жазасын өтеп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның мәліметінше, 900 отандасымыз жазасын шетелде өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі, яғни шамамен 650 адам Ресейде. 1000-ға жуық шетелдік еліміздің түрмелерінде отыр. Олардың дені Өзбекстан азаматтары.

Ғалымжан Қойгелдиев балалары шетелде оқып жатқан ата-аналарға, жұбайлары немесе туыстары шетелде жүрген азаматтарға үндеу жасады.

Олар елден жырақта жүрген туғандарымен үнемі байланысты болып, хабардар болып отыру керек. Сіздер бір мәселені түсінулеріңіз керек. Өкінішке қарай, біздің жастар оңай ақша табамыз деп шетелге барып, ұрынып қалып, келеңсіз жағдайға түсіп қалып жатқан оқиғалары өте көп. Әсіресе есірткі тасымалдауға байланысты мәселелер бар. Шетелде болсын, бізде болсын есірткіге қарсы жаза өте қатаң. Мысалы, шетел түрмесінде жазаны өтеу қиын, себебі тіл кедергісі бар. Ол қарапайым нәрсені де сұрай алмайды, бұл қиын. Кейбір елдерде «мәжбүрлі еңбек» деген ұғым бар. Адам жұмыс істемеген жағдайда оған тамақ берілмейді. Шетелде жүргенде абай болу керек. Барған елдің ережелерін сақтауымыз қажет, - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілі.

Соңғы бес жылда Қазақстанға 160 отандасымыз қайтарылған, 190 шетелдік өз елдеріне жіберілген. Осы жылдың тоғыз айында жазасын өтеп жатқан 24 азаматымыз елге қайтарылды.

Еске сала кетейік, Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевке қатысты мәлімет айтты. Сондай ақ, Мәжіліс депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке әлеуметтік желілердегі контентке қатысты сауал жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы