Непалдағы су тасқынынан кейін 5 мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалып кетті
Табиғи апаттан 1 127 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды.
Непал полициясының мәліметінше, табиғи апат салдарынан 1 127 адам қаза тапқан. Ең көп адамның денесі Читваннан табылды – 348 адам. Навалпарасидің шығыс бөлігінде 217, батысында 190, Нувакотта 155 адамның денесі табылған. Тағы тоғыз адамның денесі көршілес Үндістан аумағынан табылды.
Мамандар қаза тапқан 1 113 адамның денесіне қатысты қажетті рәсімдерді аяқтады. 95 адамның денесі туыстарына берілді. Жеке басы әлі анықталмаған 911 адамның мәліметтері жақындарын іздеген отбасыларға көмектесу үшін полицияның сайтына жарияланды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 7 912 полиция қызметкері жұмылдырылған. Олар қауіп әлі де сейілмеген аудандардан тұрғындарды эвакуациялап, гуманитарлық көмек жеткізіп, жабылып қалған жолдарды тазалап, із-түзсіз жоғалғандарды іздестіріп жатыр.
Су тасқынына Бхотекоши өзеніне түскен мұзды-тасты көшкін себеп болған. Қатты ағын су, лай мен тас-қоқыс елді мекендерді, жолдарды және шекара маңындағы сауда нысандарын қиратып кеткен. Непалдың бірнеше ауданындағы су электр станциялары да зақымданған.