Непалда экс-премьердің жұбайы өз үйінде тірідей өртелді
Непалда экс-премьер-министр Джаланат Ханаланың жұбайы Раджьялакшми Читракар өз үйінде тірідей өртеліп қаза тапты. Қанды оқиға елдегі саяси тұрақсыздықпен байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Khabarhub порталына сілтеме жасап.
Оқиға бүгін, яғни 9 қыркүйекте Даллу аймағындағы резиденцияда болған. Ақпаратқа сәйкес, наразылық білдірушілер әйелді үйге қамап, кейін от қойған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ол шұғыл түрде Киртипур ауруханасының күйік бөліміне жеткізілгенімен, алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды.
Қазір Непал билігі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Шабуылдың себебі де белгісіз күйінде қалып отыр. Жергілікті БАҚ деректеріне қарағанда, бұл қылмыс елде ушығып тұрған саяси тұрақсыздық пен жаппай наразылықтармен байланысты болуы мүмкін.
Еске салсақ, Непал астанасы Катмандуда және елдің басқа да қалаларында өткен жаппай наразылық акциялары тәртіпсіздікке ұласты. Демонстранттар биліктегі сыбайлас жемқорлыққа және әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы шешімге қарсы шыққан. Наразылық кезінде 19 адам қаза тапқанын жаздық.