10 Қыркүйек 2026, 18:29 Фото: видеодан алынған кадр

Непал мен Тибеттегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 1300 адамнан асты

Непал мен Тибеттегі жойқын су тасқыны

26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында болған апат 2015 жылғы жер сілкінісінен бергі ең үлкен табиғи апаттардың бірі болып отыр. ABC News хабарлауынша, қаза тапқандар саны 1300 адамнан асып, 5000-нан астам адам хабарсыз кетті.

Непалдық Ratopati басылымының 9 қыркүйектегі мәліметі бойынша, Непалда қаза тапқандар саны 1369 адамға жетіп, 5300-ден астам адам әлі де хабар-ошарсыз іздестірілуде.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, шекараның тибет жағындағы құрбандарды есепке алғанда (кемінде 43 адам қаза тауып, 500-ден астамы із-түзсіз жоғалған), жалпы қаза тапқандар саны 1385-тен асады.

The Kathmandu Post басылымының хабарлауынша, Непал билігінің бағалауы бойынша, су тасқынынан шамамен 1,6 миллион адам зардап шеккен. Құтқарушылар 13 мыңнан астам адамды, оның ішінде жүздеген шетел азаматын қауіпсіз жерге көшірді.

Зардап шеккендер

Хабарсыз кеткендердің арасында ондаған елдің азаматтары бар. Атап айтқанда, 280-нен астам үндістандық, 120-дан аса непалдық турист, 65-ке жуық америкалық, сондай-ақ ондаған украиналық, малайзиялық, австралиялық және британиялық азаматтар бар.

Хабарсыз жоғалғандардың арасында Қазақстан азаматтары да болуы мүмкін. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағында республиканың үш әйел азаматы болуы ықтимал. Бұған дейін екі қазақстандықтың іздестіріліп жатқаны хабарланған болатын, кейін ведомствоға үшінші турист туралы ақпарат түсті. СІМ Непал және Қытай билігімен бірге іздестіру жұмыстарын үйлестіріп, жоғалғандардың туыстарымен байланыс орнатуда.

The Kathmandu Post мәліметі бойынша, гидроэнергетикалық жобалардың 900-ден астам жұмысшысы да хабарсыз кеткен, олардың жүздегені су астында қалған туннельдерде қалып қоюы мүмкін. AP агенттігі хабарлағандай, іздестіру жұмыстары бастала салысымен құтқарушылар бірнеше адамды сол жерден тірідей алып шыққан.

Халықаралық көмек және қабылданған шаралар

Непалға көмек қолын созуға ондаған ел – АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Қытай, Австралия, БАӘ, Оңтүстік Корея және басқа да мемлекеттер қаржылай көмек, құтқару топтары мен іздеу жабдықтарын жіберді. UN News мәліметіне сүйенсек, БҰҰ шұғыл қаржы бөліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы медициналық жүктерді жеткізді.

Непал билігі зардап шеккен аймақтарды үш ай мерзімге зілзала аймағы деп жариялап, зардап шеккендерге көмек көрсету қорын ашты. Жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл қорға қазірдің өзінде 7,7 миллиард непал рупийінен астам қайырымдылық жиналған.