1 Қыркүйек 2026, 18:50 Фото: Jigme Dorje/Xinhua

Непал мен Қытайдағы сел: Қаза тапқандар саны мыңнан асты

Сейсенбі күні Непал мен Қытайда болған жойқын су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 1000 адамнан асты.

Непалдың төтенше жағдайлар жөніндегі ведомствосы елде 987 адамның қаза тапқанын, ал 3916 адамның із-түзсіз жоғалғандар қатарында екенін хабарлады. Олардың 583-і – шетел азаматтары.

Қытай билігі жексенбі күні 16 адамның қаза тапқанын, 546 адамның із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеген.

Құтқарушылар зардап шеккен аймақтардағы жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Непалда кемінде 11 814 адам құтқарылып, эвакуацияланды. Тасқын мен көшкін салдарынан жолдар мен көпірлер қирап, сыртқы әлеммен байланысы үзілген елді мекендерге жету үшін төтенше жағдайлар қызметі тікұшақтарды пайдаланып жатыр.

Жерсеріктен түсірілген суреттерді зерттеп жатқан ғалымдардың айтуынша, 26 тамызда басталған апат Гималайдағы мұздықтың астындағы тау жыныстарының опырылуынан басталған. Тау жыныстарының құлауының күшті болғаны соншалық, ол магнитудасы 5,2 болатын сейсмикалық құбылыс ретінде тіркелген. Аса ірі көлемдегі тау жыныстары, мұз бен еріген су бірнеше өзеннің аңғарларына құлап, өзендердің арнасын бөгеп, жойқын су тасқынына себеп болған.

Эвакуацияланған тұрғындар уақытша баспанаға айналдырылған мектеп ғимаратының маңында отыр.

Қытай мен Непал шекарасындағы құтқарушылар үшін қазіргі таңда басты міндет – кенеттен болған су тасқынынан зақымданған 12 гидроэнергетикалық нысанда із-түзсіз жоғалған 900 жұмысшыны іздеу. Олардың шамамен 500-і туннельдерде қамалып қалған болуы мүмкін.

Бұған дейін Непалда жаңа көшкіндердің жүру қаупі сақталып отырғаны хабарланған еді.