Немістер қазақтың ұлттық тағамдарын жақсы көреді

Жетісуда 30-дан астам этнос бар. Бүгінде оннан астам этномәдени орталықтар жұмыс істеп тұр. Соның бірі – неміс ұлтына тиесілі. Осы ретте қазақ тілінің жанашыры, жас ұстаз Анжелика Флайшаверді әңгімеге тартқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Анжелика, алдымен неміс халқының қазақ даласына қоныстану тарихынан сыр тартсақ?

Көбі немістерді екінші дүние жүзілік соғыстан кейін қазақ жерін паналады деп ойлайды. Шындығында олай емес. Тарихқа көз жүгіртсек, мұндағы неміс халқының шежіресі екі ғасырдан астам уақыт көлеміне сияды. Демек, соғыстан бұрында әртүрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы мекенде жұмыс істеген неміс ғалымдары бар. Деректерге сүйенсек, Кеңес одағы халықтарының денін неміс ұлты құраған кездер де болған. Ресей мемлекеті ірге жая бастаған кезден осында келе бастаған.

-Сонда неміс зерттеушілерінің мұнда келген мақсаты қандай?

Сол заманда орыс әскери экспедициясының құрамында неміс дворяндары да қызметте болған. Патшалық оқымыстыларды арнайы жалдаған болуы да мүмкін. Ресей монархтарының ұсынысымен сондағы ғылым академиясына жұмыс істеуге келген ғалымдар көп. Соның бірі Фридрих Миллер. Ол XVIII ғасырдың орта тұсында қазақ даласын аралайды. Сөйтіп ел солтүстігіне географиялық сипаттама жасап, жергілікті қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігін жазады.

-Ел аумағында жатқан теңіздер жайына үңілгенде де неміс ғалымдарының қолтаңбасын байқадық...

Оныңыз рас, Евгений Эверсман мен Петр-Симон Палластың бұл бағытта еңбегі мол. Олар алғаш рет Каспий теңізінің деңгейі мұхит деңгейінен төменде екенін анықтайды. Тіпті, Қара теңізбен байланыс барын дәлелдеуге тырысқан. Сондай-ақ астроном Струвет Арал мен Каспий теңіздерінің гидрографиялық картасын жасады. Бұл еңбектердің бәрі тарихи кітаптарда таңба басқандай айқын жазылып тұр. Оның үстіне олар қазақтың дала мәдениетіне таңдай қағады.

-Қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатты қызыққан болып тұр ғой…

Иә, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдени жаңалықтары неміс зерттеушілерін толғандырады. Мәселен, ғалым Бухгольц Алтай өңірін аралап, дала өркениетін хатқа түсіреді. Зайсан өзенінің аумағына шолу жасайды. Ал батыс пен орталыққа сапар шеккен Петр-Симон Паллас пен Евгений Эверсон сондағы өмірге сипаттама жазады. Атақты математик Эйлер Орал көлінің картасын сызып, тұңғыш метеорогиялық бекет ұйымтастырған. Бұл да үлкен жаңалық. Көшпелі қазақтың ғұмыр келбетін студенттер әлі күнге Фридрих Радлов пен Вильгельм Бартольдтан оқиды. Олардай осы тақырыпты кеңінен зерттеген шетелдік ғалымдар кем де кем.

-Қазақстанның қай аймақтарында немістер көп шоғырланған?

Қазір Қазақстанда немістердің саны азайды. Кезінде 1 млннан астам болған, кейін тарихи отанына көшіп кетті көбі. Бүгінде жүз мыңнан астам неміс бар. Олардың көбі жергілікті халыққа сіңіп кеткен. Солардың басым бөлігі Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарын қоныстанған. Әсіресе Алматы көп тұрады. Жетісуда да бірең-сараң неміс отбасы күн кешеді. Кейбір туыстарымыз Германия көшіп кетті, кейбірі онда барғысы келмейді. Осы топырақтың табиғатына әбден бауыр басып қалған.

-Біздің оқушы кезімізде мектепте неміс тілі оқытылатын. Қазір оны министрлік алып тастады-ау деймін шамасы…

Бертінге дейін білім мекемелерінде неміс пәні шетелдік таңдау пән ретінде оқытылып келді. Кейіннен үш тұғырлы тіл саясаты жүзеге асып, неміс тілі ақылы мектептерде ғана оқытылатын болды. Кезінде Алматыда неміс тілінде радио жұмыс істеген екен. Қарағанды да немісше арнайы телехабар тарату студиясы құрылған. Тіпті «Фройндшафт» атты неміс газеті Ақмоладан таратылған. Кейін үдере көшу процессі басталған соң, халық азайып, басылым жабылды. Мұның бәрі үлкен аға-әпке, ата-аналарымнан естіген әңгімем.

-Үдере көшу деп қалдыңыз, Германияға қоныс аудару қалай жүзеге асты?

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, Қазастанда тұңғыш рет немістердің съезді өтті. Алматы қаласына мыңдаған неміс жиналып, респубикалық «Возрождение» қоғамдық қорын құру туралы шешім қабылдайды. Арағы үш жыл салып қайта бас қосып, елімізде немістердің кеңесі құрылады. Бірақ бұл уақытта немістер Германияға біртіндеп көше бастады. Қараңыз, 1992 жылы 75 мың, 1993 жылы 100 мыңнан астам, араға бір жыл салып 200 мыңға жуық адам көшіп кетеді. Екі мыңыншы жылдардың басында немістердің үштен бір ғана бөлігі қалды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Германияның канцлері Гельмут Колямен кездестенде неміс халқы Қазақстанның біртұтас мемлекет ретінде маңызы зорын жеткізді. Бұл менің отбасыма үлкен демеу сөз болған.

-Жоғарыда Неміс Кеңесін тілге тиек еттіңіз, сол жайында айта кетсеңіз?

Неміс Кеңесі әлі де сақталған, екі ел арасындағы достыққа ұйытқы болып отыр. Оның осындағы неміс этнос өкілдерінің туған тілін ұмытпауына, артынан ерген балаларға насихаттауда рөлі жоғары. Алматыда неміс үйі бар. Біз барып тұрамыз. Ол осындағы немістердің мәдени ошағына әрі әлеуметтік-саяси орталығына айналып отыр. Оның үстіне, ТМД аймағындағы жалғыз неміс драма театр Қазақстанда жұмыс істейді. Анда-сонда барып көріп тұрамыз.

-Көшіп кеткен немістер Қазақстанға қайтып келгісі келмей ме?

Көшіп келгісі келгенде қандай, мұндағы ұлттық тағамдарды әлі жасайды. Ет асады, бауырсақ пісіреді. Жылына бір-екі рет келіп тұратын туыстарымда бар. Олар келген сайын әлі де тарихи отандарына үйренісе алмай жүргенін айтады. Қазақ тілін жетік біледі. Әсіресе Наурыз мерекесін ерекше қарсы алады. Қазы қайнатып, құрт, ірімшік, қаймақ, айран қосып наурыз көже жасайды. Қазақстаннан барған немістер бірлесіп мейрамды атап өтеді. Көктем келе көңілі біз жаққа ауып тұрады.

-Өзіңіз Жетісудан көшкіңіз келмей ме?

Жоқ, ол ой мүлде миыма келмепті. Мен қазақ тілін жетік білемін. Бүгінде мектепте мұғалім болып қызмет етемін. Ешкім мені бөле-жарып жатқан жоқ, бәрі де құшағын ашып, қазақтың бір қызындай көреді. Жетісудың табиғаты көркем ғой. Келген-көрген адам бұл жерден оңайлықпен кете алмас. Достық үйіне жиі жиналып тұрамыз.

-Қазақ тілі жайында, Қазақстан жайлы не айтасыз?

Әр азамат мемлекеттік білу – парыз. Мен бала күнімнен осы тілге ғашық болып өстім. Ал Қазақстан – менің аяулы мекенім, осында өмір сүрудің өзі үлкен мәртебе. Неміс этносы үшін жайлы қоныс қана емес, татулығы мен берекесі жарасан айшықты туған жер. Құшағы кең, бәрі бір атаның баларындай тату-тәтті өмір сүруде. Осы жарасымдылықпен болашаққа қадам басайық. Ел іргесі бүтін болсын. Ел басына түскен қайғылы күндер тезірек қуанышты сәттерге ұлассын.

-Әсерлі әңгімеңізге, көп рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы