Неліктен жастар экономикадағы қарапайым салаларға көбірек кетіп жатыр
Еңбек нарығы «қартая» бастады.
Қазақстандық жастар әлі де еңбек нарығындағы негізгі күштің бірі болып қала береді. Алайда олардың жағдайы біртіндеп тұрақсыздана түсуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Finprom-ға сілтеме жасап.
Жұмыстың басым бөлігі сауда мен қарапайым салаларда шоғырланған, ал «күрделі» экономикадағы мүмкіндіктер әлі де шектеулі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елде шамамен 3,6 млн адам жұмыспен қамтылған. Оның 39%-ға жуығы – 15–34 жас аралығындағы жастар. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен. Яғни еңбек нарығы «қартая» бастады, жастардың үлесі азаюда.
Жалдамалы жұмысшылар саны бірнеше жылдан бері шамамен 2,8 млн деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны да өсіп жатқан жоқ – керісінше аздап төмендеп, 816 мың адам шамасында қалған.
Бұл – маңызды белгі: тұрақты жаңа жұмыс орындары аз, ал жастардың өз кәсібін бастау мүмкіндіктері де көбейіп отырған жоқ.
Қалаларда жағдай салыстырмалы түрде жақсы: онда шамамен 2,3 млн жас жұмыспен қамтылған және бұл көрсеткіш өсіп келеді. Ал ауылдық жерлерде керісінше төмендеп, 1,4 млн адамға дейін азайған.
Жастар жұмыс пен мүмкіндік іздеп қалаға көшуді жалғастырып жатыр. Бұл өз кезегінде қаладағы еңбек нарығына түсетін бәсекені күшейтуде.
Жастардың үлесі ең жоғары өңірлер – оңтүстік және мұнайлы аймақтар. Мысалы, Түркістан облысында жұмыс істейтіндердің шамамен әр екіншісі – жас. Сондай-ақ Маңғыстау және Қызылорда облыстарында да көрсеткіш жоғары.
Ал солтүстік және индустриялық өңірлерде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен – шамамен 30–32%.
Абсолют көрсеткіш бойынша көш басында Алматы қаласы (шамамен 456 мың жас қызметкер) және Түркістан облысы (393 мың). Одан кейін Шымкент пен Алматы облысы келеді.
Жұмыспен қамтылған жастардың жартысына жуығы – 29–34 жас аралығындағы азаматтар. 20–24 жастағылар шамамен 1 млн адам болса, 25–28 жастағылар – 760 мыңға жуық.
Ал 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдер еңбек нарығында өте аз – шамамен 74 мың ғана. Қалаларда олар негізінен білім алса, кейбір ауылдық өңірлерде жұмыс істеуге мәжбүр.
Жұмыс істейтін жастардың жартысынан көбі жоғары немесе кәсіптік білімге ие. Алайда бұл әрдайым мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектесе бермейді.
Ең көп таралған сала – сауда: онда шамамен 643 мың жас жұмыс істейді. Одан кейін білім беру (459 мыңға жуық) және ауыл шаруашылығы (337 мың шамасында).
Ал жоғары біліктілікті қажет ететін салаларда жастар айтарлықтай аз. Мысалы, IT және байланыс саласында – шамамен 102 мың, қаржы секторында – 96 мың адам ғана.
Жастардың басым бөлігі қалыпты жұмыс кестесімен еңбек етеді. Дегенмен шамамен 500 мыңға жуық адам аптасына 41 сағаттан артық жұмыс істейді, яғни тұрақты түрде артық еңбек етеді.
Тағы ондаған мың адам ресми түрде жұмыспен қамтылғанымен, уақытша жұмыссыз қалып отыр.
Жалпы алғанда, Қазақстан жастары белсенді еңбек етіп жүр. Бірақ жұмыспен қамту құрылымы теңгерімсіз күйде қалып отыр: бос жұмыс орындарының көбі сауда мен қарапайым салаларда, ал жоғары жалақысы бар, технологиялық бағыттағы салаларда мүмкіндік әлі де шектеулі.