Неліктен теңге әлсіреп жатыр? Ұлттық банк төрағасы түсіндірді
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының қалыптасу тетіктері мен оған ықпал ететін негізгі факторлар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төрағаның айтуынша, Ұлттық банк қоғаммен ашық әрі түсінікті диалог орнатуды маңызды санайды және күрделі экономикалық ұғымдарды қарапайым тілмен жеткізуге тырысады.
Біз теңге бағамы қалай қалыптасатынын, Ұлттық Банктің бұл үдерістегі рөлін және бағам тұрақтылығы тұтас экономиканың денсаулығына қалай байланысты екенін қоғамға ашық түсіндіруіміз керек, — деді Сүлейменов.
2015 жылдан бастап Қазақстан еркін өзгермелі айырбастау бағамы мен инфляциялық таргеттеу режиміне көшті. Бұл — теңге бағамы енді валюталық нарықта сұраныс пен ұсынысқа қарай айқындалатынын білдіреді. Бұрын мемлекеттік бақылауда болған бағам әкімшілік жолмен бір сәтте өзгеріп, күрт девальвацияларға әкелетін.
Теңге бағамына ықпал ететін басты себептер
Ұлттық Банк теңге бағамына әсер ететін факторларды үш негізгі топқа бөледі:
Фундаменталды – мұнай мен басқа да экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы, негізгі сауда серіктестерінің валютасы, ғаламдық макроэкономикалық ахуал.
Нарықтық – бизнес пен халықтың шетел валютасына сұранысы, импорттық сатып алулар, маусымдық өзгерістер (туризм, дивиденд төлеу).
Спекулятивтік – кейбір нарық қатысушыларының бағамның қысқа мерзімді ауытқуын пайдаланып пайда табуға тырысуы.
Қазіргі таңда теңге бағамына негізгі қысымды нарықтық факторлар түсіріп отыр. Атап айтқанда, бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импорт көлемінің артуы, сондай-ақ шетелге дивидендтер төлеу мен туристік маусымға байланысты валюталық сұраныстың өсуі — осының бәрі теңгеге қысым жасайды.
Сүлейменовтің айтуынша, фундаменталды көрсеткіштер қазіргі бағамның төмен бағаланғанын меңзейді, ал спекулятивтік белсенділік байқалмайды. Бұл – нарықтың тұрақты екенін білдіреді.
Интервенциялар қажет пе?
Кейбір сарапшылардың пікірінше, теңге бағамын тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк валюта нарығына интервенция жасауы керек. Алайда Сүлейменов бұл тәсіл тек спекулятивтік қысым күшейген жағдайда ғана орынды екенін ескертті.
Бағам нарықтық немесе фундаменталды себептерге байланысты өзгеріп жатса, интервенциялар көмектеспейді, керісінше зиян келтіруі мүмкін. Ұлттық резервтерді ұқыппен пайдалануымыз керек, — деді ол.
Бүгінгі таңда Қазақстанның халықаралық резервтері 52,2 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Бұл резерв ел экономикасын қорғауға және қажет болған жағдайда валюта нарығындағы тұрақсыздықты жұмсартуға мүмкіндік береді.