22 Қазан 2025 2025, 11:19 Фото: Ұлттық банктың баспасөз қызметі

Неліктен бәрі қымбаттап жатыр? – Ұлттық банк төрағасы түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжілістің отырысында елдегі инфляцияның жоғарылауын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжілістің отырысында елдегі инфляцияның жоғарылауын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, сыртқы сын-қатерге қарамастан Қазақстанның экономикасы тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 6,3%-ға ұлғайды. Ең жоғары өсім көлік саласында, құрылыста, тау-кен өнеркәсібінде, саудада және өңдеу өнеркәсібінде байқалуда.

Отандық тауарлар мен қызметтердің ұсынысы сұраныстың өсуін қамтамасыз ете алмай жатыр. Бұл – инфляциялық жағдай туғызады және импортқа сұранысты арттырады. Осылайша, қыркүйекте жалпы жылдық инфляция 12,9%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағалары 12,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 10,8%-ға, ақылы қызметтер 15,3%-ға артты. Айлық инфляция мен оның тұрақты бөлігі де жеделдеді. Ал халықтың инфляциялық күтулері жоғары және құбылмалы болып қалуда, - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Осылайша, баға қысымының күшеюі ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен қалыптасқан.

Ішкі факторларға ішкі сұраныстың артуы, белсенді тұтынушылық кредиттеу, коммуналдық қызметтерге тарифтердің және жанар-жағармай бағасының өсуі жатады. Сыртқы факторларға азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, көршілес Ресейдегі жоғары инфляция мен рубльдің нығаюы, сондай-ақ әлемдегі сауда шектеулерінен туындаған белгісіздік жатады. Осы факторлар аясында инфляция қаңтардағы 8,6%-дан қыркүйекте 12,9%-ға дейін өсті, - деді Тимур Сүлейменов.