Бүгiн 2026, 18:00
Фото: Getty Images
Неліктен АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасады және соғыс қанша уақытқа созылуы мүмкін?
АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққынан туындаған соғыс Таяу Шығысқа жайылды.
АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған ауқымды әскери соққысынан кейін Таяу Шығыстағы жағдай күрт ушықты. Сенбі күні жасалған әуе шабуылдары барысында Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаны хабарланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп операцияның мақсаты – «Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу» екенін мәлімдеді. Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қадамды «экзистенциалды қауіптің алдын алу» деп атады.
Иранда не болды?
АҚШ пен Израиль Иранның зымыран инфрақұрылымына, әскери нысандарына және жоғары лауазымды тұлғаларына жаппай соққы жасаған.
Иран билігінің мәліметінше:
• Ел бойынша 130 жерде шабуыл жасалған;
• 555 адам қаза тапқан;
• Оңтүстіктегі мектепке жасалған соққыдан 150-ден астам адам көз жұмған.
Интернетке қолжетімділік шектеліп, әуе кеңістігі жабылды.
Иранның жауабы
Иран баллистикалық зымырандар мен дрондарды Израильге және аймақтағы АҚШ әскери базалары орналасқан елдерге бағыттады. Соққы жасалған мемлекеттер қатарында: Қатар, Бахрейн, Кувейт, БАӘ, Сауд Арабиясы, Иордания және Кипр бар.
Ливандағы Иран қолдайтын Хезболла ұйымы да Израильге зымыранмен шабуыл жасады.
АҚШ Орталық қолбасшылығы Оман шығанағында 11 ирандық кеменің суға батырылғанын хабарлады.
Қақтығыстар барысында:
• 6 америкалық әскери қызметкер қаза тапқан;
• 18 әскери ауыр жараланған.
Неліктен соғыс басталды?
Вашингтон Иранды ядролық бағдарлама арқылы қауіп төндіріп отыр деп есептейді. Трамп «Эпикалық қаһар» деп аталған операция бірнеше аптаға созылуы мүмкін екенін айтты.
Ал Тегеран шабуылды «заңсыз әрі себепсіз агрессия» деп бағалады.
Энергетика нарығына әсері
Қақтығыс әлемдік экономикаға әсер ете бастады:
• Катар сұйытылған газ өндірісін уақытша тоқтатты;
• Газ бағасы 50%-ға өсті;
• Brent маркалы мұнай баррелі 82 долларға дейін көтерілді;
• Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге қауіп төнді.
Айта кетейік, бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен газдың шамамен 20%-ы тасымалданады.
Соғыс қанша уақытқа созылуы мүмкін?
Трамп операция 4-5 аптаға жалғасуы ықтимал екенін мәлімдеді. Нетаньяху да әскери науқан «қажет болғанша жалғасатынын» айтты.
Аймақта мыңдаған әуе рейсі тоқтатылды. Бірқатар елдер әуе кеңістігін жапты.
Иранда билік қалай ауысады?
Иран уақытша басқару кеңесін құрды. Жаңа Жоғарғы көшбасшыны 88 дін қызметкерінен тұратын Сарапшылар ассамблеясы сайлайды.
Алайда қауіпсіздік жағдайына байланысты бұл процесс күрделі болуы мүмкін.