Некелік келісімшарт пәтерді бөлу мәселесінен қорғай ма?

Некелік келісімшарт қазақстандықтарға ажырасу кезінде мүлікті бөлу мәселесін алдын ала талқылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол ипотека рәсімделген жағдайда да пайдалы бола алады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары Қазақстанда отбасылар некелік келісімшартты жиірек жасап жүр. Бұл еріккеннің ісі емес, уақыт пен жүйкені үнемдеуге, сондай-ақ екі жұбайдың да мүддесін қорғауға көмектесетін құрал.

Алайда келісімшартты дұрыс құру маңызды. “Крыша” порталы жазуынша, мұндай құжатқа кез келген нәрсені жазуға болмайды. Мәселен:

• “ыдысты кім жуады” сияқты тұрмыстық міндеттерді көрсетуге болмайды;
• ажырасқаннан кейін балалармен кездесудің тәртібін белгілеуге болмайды;
• алимент мәселесін реттеуге болмайды, оны тек сот шешеді;
• жұбайдың сотқа жүгіну немесе еңбекке жарамсыз жарды асырау құқығын шектеуге болмайды.

Егер келісімшарт бір тараптың немесе балалардың құқықтарын бұзса, сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін. Сондықтан некелік келісімшарт барлық тараптың мүддесін қорғауы тиіс ресми құжат ретінде қарастырылуы керек.

Некелік келісімшартта нені көрсетуге болады?

Некелік келісімшарт тек ажырасқан жағдайда емес, некеде тұрған кезде де тиімді. Онда мынадай мәселелерді бекітуге болады:

• қандай мүлік ортақ, қайсысы жеке екенін;
• табыс пен шығынды қалай бөлу керегін;
• қарыздар мен ипотека үшін кім жауап беретінін;
• балаларға қатысты шығындарды кім көтеретінін;
• ажырасқанда пәтер, көлік, жер учаскесі және басқа мүлік кімге тиесілі болатынын.

Қай жағдайда келісімшарт қорғайды?

Некелік келісімшарт мынадай жағдайларда көмектеседі:

• некеге дейінгі ипотека – пәтер мен несие тек сатып алушыға тиесілі болып бекітіледі;
• некедегі ипотека – тұрғын үйді сотта тең бөлмей-ақ, бірден үлестерді анықтауға болады;
• ұзақ некеде – мүлікті бөлу арқылы мұрагерлік мәселелерді шешуге көмектеседі;
• шетелдік азаматпен некеде – Қазақстандағы мүлікті жергілікті заңмен қорғауға болады;
• кәсіпкерлікпен айналысатын жұбайда – мүлікті кредиторлардан қорғау үшін екінші жұбайға бекітіп қоюға болады;
• алдыңғы некеден балалар бар болса – әр жұбайдың мүлкі нақты бөлінеді;
• туыстар көмегімен жасалған қымбат сатып алулар – ол мүліктің кімге қалатынын көрсетуге болады;
• жұбай жұмыс істемейтін болса – келісімшарт арқылы оған белгілі бір мүлікті немесе өтемақыны бекітуге болады;
• әр елде өмір сүргенде – шетелдік мүлік бөлу ережелерінен сақтандырады;
• некелік алаяқтардан қорғану үшін – мүлікті қорғауға мүмкіндік береді.

Егер келісімшарт болмаса

Некеде алынған барлық мүлік ортақ болып саналады және ажырасқанда тең бөлінеді, кімнің атына рәсімделгеніне қарамастан. Ерекшелік – некеге дейінгі мүлік, сыйға берілген немесе мұраға қалған дүние.

Қалай рәсімделеді:

1. Құжаттарды дайындау: жеке куәліктер, некені куәландыратын құжат, мүлікке қатысты қағаздар;
2. Шарттарын ойластыру: меншік, қарыздар, үлестер, шығындар, балаларға қатысты міндеттер;
3. Жобасын құрастыру (жақсысы – заңгермен бірге);
4. Нотариус арқылы бекіту (құны – 10 АЕК, яғни 2025 жылы 39 320 теңге);
5. Өзгерту немесе бұзу тек екі тараптың келісімімен ғана жүзеге асады.

Мамандар сөзінше, дұрыс құрылған некелік келісімшарт жұбайлардың екеуінің де мүддесін қорғайды, ол сенімсіздік белгісі емес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы