“Негізгі жұмысымыз енді басталады”: Қошанов депутаттарға жүктелген міндетті атады
Жаңа Халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны – біз үшін зор мерей.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында депутаттардың алдында аса маңызды, аса ауқымды міндеттер тұрғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикер бүгін Мәжілістің жаңа Ата заң қабылданғаннан кейінгі бірінші жалпы отырысы өтіп жатқанын айта кетті.
Кеше Конституцияның қабылдануына арналған салтанатты жиын өткенін білесіздер. Онда Мемлекет басшысы Ата заң ел дамуындағы жаңа дәуірге жол ашатынын атап өтті. Біз Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында батыл қадам жасадық. Референдум еліміздің Президент бағдарының маңайына ұйысып, барынша тұтастана түскенін көрсетті. Жұртшылықтың осы тарихи іске белсене қатысып, жаңа Конституцияны 87% қолдап дауыс беруі – халықтың Мемлекет басшысына деген зор сенімінің айқын дәлелі, - деп айтты Қошанов.
Оның сөзінше, бұл Ата заңға тікелей ұйытқы болып, оған көптеген прогрессивті новеллалар енгізген Президентіміздің нағыз жеңісі. Бұған әлем елдері де назар аударып, лайықты бағасын берді.
Жаңа Халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны – біз үшін зор мерей. Бұған өңірлердегі кездесулер барысында да нақты көз жеткіздік. Депутаттар Коалиция құрамында барлық аймақты аралап шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа Ата заң мәтінін әзірлеуге де әріптестеріміз бір кісідей атсалысты, - деп айтып, Қошанов депутаттық корпусқа шынайы алғысын білдірді.
Мәжіліс төрағасы депутаттардың жұмысы мұнымен бітпейтінін айтты.
Алдымызда аса маңызды, аса ауқымды міндеттер тұр. Кеше Президент Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Шындап келгенде, біздің негізгі жұмысымыз енді басталады. Депутаттар корпусы қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қамтамасыз етуі керек. Жақын арада бірқатар заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі, - деп айтты ол.
Депутаттар Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдайды.
Сонымен бірге тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізеді.
Бұл – өте жауапты міндет. Бұдан бөлек, Президентіміз бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жариялау жөнінде шешім қабылдады. Сессия соңына дейін бұл заңды да қабылдауға тиіспіз. Сондықтан бізге – депутаттарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жаңа Конституцияның нақты іске асуын қамтамасыз ету бізге бұйырып отырғаны – зор мәртебе. Сондықтан осы тарихи миссияны абыроймен атқарайық, - деді Ерлан Қошанов.