Неге жыл сайын азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырамыз? – Депутат су тасқыны туралы айтты

Мәжілісте депутат Ғалымжан Елеуов Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға мен Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат атап өткендей, жыл сайын болатын су тасқындары азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, отандастарымыздың моральдық-психологиялық деңгейіне де кері әсер етіп жатыр.

Үкімет су тасқынына қарсы жүздеген миллиард теңге бөледі. Алайда нәтиже жоқ десе де болады. Мысалы, биыл Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан 79 үй, дәмхана, мектеп пен спорт кешені және Ойылда 70 үй зардап шекті. Ал Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласы мен жанындағы ауылдарда 180-ге жуық үйді су басты. Сонымен қатар Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында жауған жаңбыр мен еріген қар суы салдарынан 2 рет су тасқыны болып, тас жол бұзылып, маңындағы ауылдарға қауіп төндірген, - деп айтты ол.

Сөзінше, «AMANAT» партиясы зардап шеккен тұрғындарға құрылыс материалдарымен көмек көрсетіп жатыр.

Адамгершілікпен көмек беру әрбір азаматтың парызы деп білемін. Сондықтан да бұл жаппай мәдениетке айналғаны абзал. Су кетер. Су кеткенмен үйлерден дымқыл кетпейді, адамдардың жүрегінде сызат қалады, азаматтар үйдегі дымқылдан туберкулезге, басқа да психологиялық қысымға душар болады. Осы орайда «Біз неге жыл сайын өзіміздің азаматтарды осындай қиын жағдайда қалдырамыз?» деген сұрақ туындайды, - дейді Ғалымжан Елеуов.

AMANAT фракциясы Үкімет су тасқынына қарсы келесі шараларды шұғыл қабылдауы қажет деп есептейді:

1. Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстар-ындағы тасқыннан зардап шеккен барлық отбасыға жедел түрде материалдық көмек көрсетуі тиіс.

2. Тасқынның салдарынан баспанасынан айрылған азаматтарға жедел үй салып беру басты міндет.

3. Еліміздің барлық аумағында Су тасқыны қаупі бар жерлердің картасы жасалуы қажет.

4. Су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін өткелдер салу аса маңызды. Тасқынның салдарымен күреспей, оның алдын алу қажет.

5. Жаз кезінде Қазақстанда су ресурстарының жетіспей-тіндігін есептесек, жаңа дамба, плотиналар салу елді мекендерді қорғап қана қоймай, ауыл шаруашылығына көмектестетіні анық.

6. Су тасқыны қаупі бар көптеген жерлерде жергілікті атқарушы билік үй салуға жол берген. Соның нәтижесінде жеке тұлғаларға да, мемлекетке де орасан зор шығын келіп отыр.

Сонымен қатар депутат бұл жерлерді кім бергенін тексеріп, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғалар жазасын алуы тиіс екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы