Неге вакцина алмай отырсыңдар? – Директор оқушыларға дөрекі сөйлеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желілерде ШҚО-дағы мектеп директорының оқушыларға вакцина салдыруға мәжбүрлеп жатқан аудиосы тарады. 

Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Б. Момышұлы атындағы орта мектеп директорының балаларға дөрекі сөйлеген аудиожазбасы тарады.

Ол аудиожазбада жоғары сынып балаларына ұрысып, неге вакцина салдырмай жатқандарын сұрап, тергеу жүргізеді. 

Сендер өз-өздеріңе кедергі жасап отырсыңдар. Сонда ауру балалар біздің ғана мектепте ме?! Сау бала жоқ болғаны ғой... 51 мектептің 49-ы алып болды. Түгел. Сендерді өлімге апаратындай, менің басым екеу емес. Мен де келерде сендер сияқты ойланып келемін. Мен бір емес 2 университет, бір колледж бітірген адаммын, - дейді директор.

Ол желіде тараған аудиода оқушылардың бірінен атын сұрап, неге вакцина алуға бармай отырғанын сұрауға тырысады.

Бұл не нәрсе? Неге қорқып отырсыңдар? Қол-аяқтарың сау, алдарыңда вакцина алғандар өліп қалған жоқ. Не себеп? – деп сұрайды директор.

Мектеп басшысы оқушыларға Алматыдағы емхананың біріне вакцинасыз барған баланы жарылған басын емдеуге кіргізбегенін мысалға келтіреді. Сөзінше, басы жарылған баланы вакцина алғаннан кейін ғана аурухана қабылдаған.

Директор оқушыларға мектеп медбикелерін, тіпті директор ретінде өзін сыйламай жүргендерін айтты.

«Момышұлы мектебі түк істемей отыр» деп күнде басшым жазады. Сонда мен «балаларым түгел ауру» деп барайын ба? Ауру болсаңдар, онда неге жалпы мектепте отырсыңдар? Сендер ауру балалар білім алатын арнайы мектепке баруларың керек. Қаңтардан бастап вакцина алмасаңдар, сендер үшін бүкіл мектеп қиындыққа тап болады. Соны сендер қалай ойламайсыңдар? – деп айтады шығысқазақстандық мектеп директоры.

Сонымен қатар мектеп директоры балаларға дөрекі сөйлеп қана қоймай, бір оқушының ата-анасы жұмыс істейтін жедел жәрдем бөліміне хабарласып, баласы вакцина алмай отырған ата-анаға шара қолдануды сұрайды.

Білім және ғылым министрлігі осы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп директоры педагогикалық этика нормаларын бұзғаны үшін қатаң сөгіс алды. Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Б. Момышұлы атындағы орта мектеп директорының балаларға дөрекі сөйлеген аудиожазбасы тарады. ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті анықталған фактіге байланысты тексеру жүргізді, - деді БҒМ баспасөз қызметі.

Ақпаратқа сәйкес әлеуметтік желілерде аудиожазба жарияланғаннан кейін келесі күні директордың кешірім сұрағаны белгілі болды.

Алайда, педагогикалық этиканың бұзылуына байланысты ШҚО әкімдігі білім басқармасының өкілдері мектеп директорын қатаң сөгіс беру түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады. ШҚО білім басқармасы педагогикалық этика нормалары мен ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мектептер заң жүзінде әкімдіктерге тікелей бағынышты екенін атап өткен жөн. Сондықтан педагогтердің құқықтары бұзылған жағдайда немесе мұғалімдер өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартылса, жергілікті білім басқармаларына немесе ҚР БҒМ-нің білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттеріне жүгінулеріңізді сұраймыз, - деді БҒМ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы