Қазақстан халқының 90 пайыздан астамында несие бар
Мәжілісте халықтың қарызға тәуелділігі мәселесі көтеріліп, Ұлттық банк тұтынушылық несиелердің шамадан тыс өсуі инфляцияға әсер етіп жатқанын мәлімдеді.
Қазақстандағы экономикалық белсенді азаматтардың 90 пайыздан астамының несиелік міндеттемелері бар. Бұл туралы Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті талқылау кезінде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева халықтың несиеге тәуелділігі артып бара жатқанын айтып, Үкімет пен Ұлттық банктің бұл жағдайды қалай бағалап отырғанын сұрады.
Депутаттың сөзінше, Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында алаңдатарлық үрдіс көрсетілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша халыққа берілген несиелер көлемі шамамен 20 пайызға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жеткен.
Сонымен қатар тұтынушылық несиелер көлемі 21 пайызға, ал автонесиелер 22 пайызға артқан.
Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде экономикалық белсенді азаматтардың 90 пайыздан астамының несиелік міндеттемелері бар. Сонымен бірге инвестиция мен жаңа өндірістер құруға бағытталған несиелер тұтынушылық несиелерден бірнеше есе төмен болып отыр, – деді депутат.
Оның айтуынша, қоғамды «экономика өсіп жатқан жағдайда неге несиеге тәуелді азаматтардың саны көбейіп жатыр?» деген сұрақ алаңдатып отыр.
Ұлттық банк мәселені мойындады
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов соңғы жылдары халыққа берілетін несиелердің өсу қарқыны өте жоғары болғанын растады.
Өткен жылдары халыққа берілетін несиелердің өсу қарқыны 30 пайыздан асып кеткен болатын. Бұл халықтың борыштық жүктемесін арттырды. Сонымен қатар артық сұраныс қалыптастырып, инфляцияға белгілі бір деңгейде қысым жасады, – деді ол.
Оның айтуынша, осы тәуекелдерді азайту үшін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп бірқатар шектеу шараларын қабылдаған.
Сүлейменовтің сөзінше, тұтынушылық несиелеуді бақылау мақсатында банктерге қатысты қосымша пруденциялық талаптар енгізілген.
Атап айтқанда, секторлық контрциклдік капитал буфері тетігі іске қосылған.
Бұдан бөлек халыққа берілетін несиелер бойынша бірқатар нормативтер қайта қаралған.
Біз несиелердің жекелеген параметрлеріне қатысты талаптарды күшейттік, мерзімдері мен шекті көрсеткіштеріне өзгерістер енгіздік, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов қаржылық реттеумен қатар салықтық ынталандыру шаралары да қабылданғанын айтты.
Оның мәліметінше, банктердің бизнеске берген несиелерінен түсетін табыстарға 20 пайыздық салық салынса, тұтынушылық несиелерден түсетін кірістер бойынша салық жүктемесі 25 пайыз деңгейінде белгіленген.
Біз бұған дейін 1 шілдеден бастап ипотека алу тәртібі өзгеретіні жайлы жазған едік.